Ведомствоның мәліметінше, Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлері күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында елге қайтарған.
"Күдікті 2022–2023 жылдары Ақтөбе облысында коммерциялық ұйымның бас директоры бола тұра, алдын ала сөз байласқан тұлғалармен бірге аса ірі көлемде – 300 миллион теңгеден астам сомаға мұнайды заңсыз сатумен айналысқан. Қылмыс жасаған соң шетелге қашып кеткендіктен, ол халықаралық іздеуге жарияланды. 2024 жылы күдікті Дубай қаласында анықталып, Бас прокуратураның сұрауымен Қазақстанға экстрадицияланды", – делінген хабарламада.
Қазір ол қамауға алынып, тергеу изоляторына жеткізілді.
Сонымен қатар Бас прокуратура 2024 жылы осы іске қатысы бар сыбайласының сот үкімімен бас бостандығынан айырылғанын хабарлады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған қылмыс үшін 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған.
Еске сала кетсек, 22 қыркүйек 2025 жылы Ресей Қазақстанға "Самұрық-Энерго" еншілес компаниясынан миллиардтаған қаржы ұрлады деген күдіктіні экстрадициялаған болатын.