2026 жылғы 16 ақпанда әлеуметтік желілерде Отардағы мерзімді әскери қызметшінің ауыр жарақат алғаны туралы ақпарат пайда болды. Оның жақ сүйегі мен мұрны сынған.
"Операциядан кейін толық емдеу мен бақылау қамтамасыз етілген жоқ. Кейін туыстары оның пәтерде ұсталғанын анықтады, ал медициналық тексеру операцияның дұрыс жүргізілмегенін көрсетті. Қазір ол Алматыдағы әскери госпитальде ем қабылдап жатыр", – деп көрсетілген видеода, жас жігіттің ауызында металл таяқшалар орнатылғаны көрінеді.
Әскери полицияның Бас басқармасында болған оқиғаға түсініктеме берілді.
Гвардейск гарнизонының Әскери полициясы әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірі жақ сүйегінен жарақат алды. Зардап шеккен әскери қызметші Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпитальға жатқызылды. Оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілуде, денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында, деп жазылған ресми ақпаратта.
Аталған факт бойынша материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізілуде.
Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың, сондай-ақ жарғыға қайшы өзара қатынас фактісі туралы жоғары тұрған қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Тергеу шаралары кезеңінде әскери бөлімнің бірқатар лауазымды тұлғалары қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді. Тергеу қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Жағдай Қарулы Күштер басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
2026 жылғы 23 қаңтарда Өскемен гарнизонының әскери бөлімінде күзет қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметшінің қаза тапқаны хабарланды. 2026 жылғы 27 қаңтарда Бас прокуратура Жамбыл облысында мерзімді әскери қызметшінің қаза болғанын мәлімдеді. 28 қаңтарда Қорғаныс министрлігі сарбаздың өліміне байланысты шұғыл шаралар қабылданғанын жариялады.