Бұған дейін Сенат депутаттары аталған саладағы жемқорлық тәуекелдеріне алаңдаушылық білдірген болатын.
Үкімет басшысының айтуынша, тексерудің қолжетімділігін арттыру үшін шалғайдағы өндірістік кәсіпорындарда куәландыру кабинеттерін ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл қызметкерлерді тікелей жұмыс орнында тексеруге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде Маңғыстау облысындағы "Kalamkas-Khazar Operating" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында пилоттық жобаны іске қосу үшін ұйымдастыру шаралары, соның ішінде қаржыландыру және кадр мәселелері пысықталуда.
Сонымен қатар, ел бойынша шамамен 300-ге жуық медициналық куәландыру кабинеті жұмыс істейді. Олар қажетті құрал-жабдықтармен және жедел анықтау сынақтарымен қамтамасыз етілген.
Бектеновтің атап өтуінше, газды хроматография мен масс-спектрометрия әдісі халықаралық және сот тәжірибесінде ең сенімді тәсілдердің бірі саналады. Бұл әдіс жоғары дәлдікке, сезімталдыққа және айғақтық маңызға ие. Қорытындылар медициналық куәландырудың электрондық жүйесінде қалыптастырылады және оларға өзгеріс енгізуге жол берілмейді.
Тексеру нәтижелері орталықтандырылған бақылау жүргізу және жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында автоматты түрде прокуратура және ішкі істер органдарына жолданады.
Еске салайық, 2025 жылғы қазанда сенатор Марат Қожаев Қазақстанда алкоголь тұтынуға толық тыйым салу қажет деген пікір айтқан болатын.