Almaty.tv дерегіне сүйенсек, қызмет алуға келген ер адамдардың бірі студент қызды еркінен тыс зорлаған көрінеді.
Дауысын өзгертіп, түрін көрсетпеуді өтінген жәбірленушілер жағдайдың қалай болғанын айтып берді. Оқиға былтыр жазда болған. 18 жастағы студент қыз инстаграмдағы жарнамасы жер жарған хабарландыруға сеніп қалады. Табыс табамын деген үмітпен хабарласқан бойжеткенді белгісіз адамдар кездесуге шақырады. Сол жерге барған кезде қыз ұсынылған жұмыстың шын мәнінде "боди-массаж" екенін түсінеді. Алайда жеңгетайлар "саған ешкім тиіспейді, тек келген ер адамдардың арқасын уқаласаң болды" деп сендіріпті.
Оқиғаның барлығы "монша" деген атаумен жұмыс істейтін ғимаратта болған. Ең қызығы, арыз жазылса да, бұл орын әлі күнге дейін жабылмаған. Жәбірленушілер болса, құзырлы органдардың осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданбағанына ашулы.
Ал Шымкент полициясы бұл істің "зорлау" бабы бойынша тергеліп жатқанын айтты. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалған. Соның нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданбақ.
"Қылмыстық Кодекстің 120-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Аталған іс бойынша сот психо-криминалистикалық сараптамасы және жәбірленуші қызға тиесілі ұялы телефонға криминалистикалық зерттеу тағайындалды. Сараптама қорытындылары алынғаннан кейін қылмыстық іс бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады", – деді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жәбірленушілер қызды зорлаған азамат та, оны жезөкшелікке тартқандар да заң алдында жазасын алсын деп отыр. Сондай-ақ құзырлы органдардан істі созбалаңға салмай, тез арада сотқа жолдауды талап етеді.