ҚР ТЖМ мәліметіне сүйенсек, кеше түнде құтқару қызметіне адамның жоғалғаны туралы хабар түсті. 17 наурыз күні 1969 жылы туған ер адам Абай облысының Абай ауданындағы шаруа қожалығынан мал іздеуге атпен шығып, қайта оралмаған. Оның орналасқан жері белгісіз болып, телефоны сөндірулі болған.
Іздеу жұмыстарына жоғары өтімді техникамен ТЖМ күштері, полиция қызметкерлері және туыстары жұмылдырылды.
22 наурызда таңертең іздеу тобы ер адамды далада тауып алды. Малшыға ыстық шай беріліп, жарақаттанған аяғы таңылып, медициналық көмек көрсету үшін Ақшоқы ауылына жеткізілді.
"Белгілі болғандай, бес күн бұрын ол далада жатқан атты байқап қалған. Жануарды тұрғызуға көмектеспек болған сәтте ер адам аттың астында қалып, аяғын сындырып алған. Осыдан кейін ат иесінен алыстап кеткен, ал ол далада жалғыз қалған. Осы уақыт бойы ол қар жеп күн көрген. Бақытымызға орай, ауа райының салыстырмалы түрде жылы болуы үсіп қалудың алдын алған",- делінген ақпаратта.
ТЖМ алыс аймақтарға шыққанда міндетті түрде байланыс құралдарын алып жүру, бағытыңызды хабарлау және жалғыз жолға шықпау қажет екенін ескертеді.