Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданында жауған бұршақтың ірілігі сонша, ол мектеп пен үйлердің шатырын тесіп өткен. Кей жерде электр сымдары үзіліп, бірнеше үй жарықсыз қалды. Шеңбертал ауылында жетінші мамырда қатты бұршақ жауып, шатырларды тесіп кетті, жарамсыз жағдайға келтірді. Сарайда да, үйде де сондай жағдай. Табиғи апат. Ырғыз ауданы тұрғындары бұрын-соңды мұндай бұршақтың жауғанын көрмедік деп отыр. Әсіресе, шеңберталдықтар шошынып қалған. Ауылдағы жүз шақты шаңырақтың сексенге жуығының төбесі тесіліп, шатыры жарамсыз күйге түскен. Көршілес Жарма ауылында да осындай жағдай. Жергілікті шенеуніктердің сөзінше, мұнда бұршақтан электр сымдары үзілген. Енді тұрғындар кешелі бері жарықсыз отыр. Қазір арнайы комиссия құрылып, бұршақтан келген шығынды есептеп жатыр, деп хабарлайды КТК.
Одан соң ғана дүние-мүлкі бүлінген тұрғындарға қалай көмек беретіндерін қарастыратын болады.
"Бұршақ жауып, жаңбыр жауып электр желісінің сегіз бағаны құлады. Содан бері, кешегі сағат алтыдан бері Жарма ауылында электр желісі жоқ. Ол жаққа комиссия жібердім. Аудан әкімінің орынбасарын жібердім. ТЖ мамандарын жібердім. Қазір сол жақта жұмыс істеп жатыр. Қаншалықты залал келді, соны анықтайды". Нұрлан Қызбергенов, Ырғыз ауданының әкімі
Бұған дейін синоптиктер еліміздің барлық дерлік өңірінде дауылды ескерту жариялаған болатын.