ІІМ мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында Қарасай ауданындағы жеке үйлердің бірінде ұйымдастырылған есірткі зертханасы анықталып, жойылған. Тергеу деректеріне сәйкес, 29 жастағы күдікті тұрғын үйді синтетикалық есірткі өндіретін орынға айналдырған.
Белгілі болғандай, зертханаға қажетті құрал-жабдықтар мен химиялық реагенттер интернеттің көлеңкелі сегменті арқылы жеткізіліп отырған. Тінту кезінде 28 келіден астам α-PVP синтетикалық есірткісі, 880 литр прекурсор және арнайы зертханалық жабдықтар тәркіленді.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, тәркіленген өнім дайындалған алғашқы партия болған. Оның көлемі шамамен 125 мың бір реттік дозаға тең.
"Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында бұл заттардың заңсыз айналымға түсуіне жол берілген жоқ. Нәтижесінде мыңдаған адамның есірткіге тәуелді болуының алдын алдық", – деді ол.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл бап бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.