Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қоғамдық көліктердің техникалық жай-күйіне, жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауына және жолаушылар тасымалы саласындағы заңнама талаптарының орындалуына бақылауды күшейтті.
Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы үш күнінің қорытындысы бойынша 700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын, сондай-ақ қауіпсіздік белбеулері мен мотошлемдерді пайдалану талаптарын бұзудың 329 дерегі тіркелді.
Сонымен қатар техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдаланудың 160 фактісі анықталды. Заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін 30-дан астам автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстарды тұрақты негізде жалғастыруда.
Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау және тасымалдау саласындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету. Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әрбір жүргізуші мен тасымалдаушының жауапкершілігі – жолдағы қауіпсіздіктің басты кепілі.