Тоқаев Грузия премьер-министрін қабылдады: тараптар не туралы келісті

Сурет: akorda.kz
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзеге ілтипат көрсетіп, аталған сапар қазақ-грузин серіктестігін нығайтуда өте маңызды екенін атап өтті.

"Бұл сапар табысты болатынына сенімдімін. Қазақстан Грузияны стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі дәстүрлі серіктесі ретінде қарастыратынын атап өткім келеді. Біз көптеген бағытта, соның ішінде экономикалық немесе гуманитарлық салаларда тығыз байланыс орнаттық. Мұндай ықпалдастық алдағы уақытта да жалғасуға тиіс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы ретінде ынтымақтастығымыздың қарқынды дамып, нәтижелі болуына барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Сіздер Қазақстанның стратегиялық серіктесі саналасыздар. Еліңізбен достықты және ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Қазақстандықтар Сіздің еліңіз бен халқыңызды шын мәнінде құрметтейді. Бүгінде көптеген туристеріміз Грузияға барып, жақсы көңіл-күймен оралып жүр. Әрине, әлі де іске асырылмаған мүмкіндіктеріміз мол. Сондықтан екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін қолда бар әлеуетімізді тиімді пайдалануға бар күшімізді жұмылдыруымыз қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Қазақстанға ресми сапармен келіп, жоғары деңгейде кездесу өткізуді өзіне зор мәртебе санайтынын айтты.

"Біз Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береміз. Серіктестігіміздің стратегиялық сипат алғаны қуантады. Ынтымақтастығымыздың негізгі мәні де осында. Алайда, Өзіңіз атап өткендей, жүзеге аспаған әлеуетіміз жетерлік. Сондықтан оны толық іске асыруға күш салуымыз керек. Елдеріміз арасындағы берік саяси және экономикалық, сондай-ақ білім беру, мәдениет және басқа да көптеген салалардағы ықпалдастықты қолдаймыз. Барлық бағыттағы байланыстарды арттыруға айрықша ниеттіміз. Бұл сапардың маңызы ерекше. Өйткені біз Стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Аталған құжаттың екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. Серіктестігіміз ортақ құндылықтарға негізделген, сондықтан қарым-қатынасымыздың әлеуеті зор. Елдеріміз арасындағы достық пен өзара ықпалдастыққа қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын", – деді Грузия Премьер-министрі.

Бұған дейін Тоқаев Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Грузия премьер-министрін қарсы алғанын жазғанбыз.

Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің функциялары кеңейді

Бақытжан Темірболат Президент Кеңсесінің уақытша бастығы болады

Қазақстан жолдарына лазерлік жүйелер орнатылып жатыр: ІІМ маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Энергетика министрлігі: Қарашығанақтағы өндіріс қысқарғанымен, Қазақстандағы газбен жабдықтау тұрақты