Жолаушылар тасымалы қызметтерінің бірінде жұмыс істейтін Төрежан есімді жүргізуші ерекше тапсырыс алады. Зейнеткер әйелге такси шақырған белгісіз адам оны банкке жеткізіп салуды өтінген. Жол бойы әйел телефонмен сөйлесіп, өзінің жеке деректерін айтып, арғы жақтағы адамға үнемі "балам" деп жүгінген. Бұл жағдай жүргізушінің күдігін туғызады. Ол жолаушыға егер телефон арқылы SMS-хабарламадағы кодтарды сұрап жатса, онда хабарласып тұрғандар алаяқтар болуы әбден мүмкін екенін ескертеді.
Осыдан кейін әйел өзіне өзін банк қызметкеріміз деп таныстырған адамдардың қоңырау шалғанын айтып береді.
Алаяқтар зейнеткерге оның банк шотындағы ақшаны біреулер ұрламақ болып жатқанын айтып сендірген. Содан кейін барлық жинағын – 1,5 миллион теңгеден астам қаражатын – шұғыл түрде шешіп алуды талап еткен. Жүргізуші ештеңеден күдіктенбеуі үшін алаяқтар алдын ала әйелге телефондағы адамды "балам" деп атауды тапсырған.
Мән-жайды түсінген Төрежан әйелдің туыстарымен байланысып, оны банкке емес, өз үйіне аман-есен жеткізіп салады.
Алайда оқиға мұнымен аяқталмаған. Такси жүргізушісі алаяқты өз әдісімен алдауды ұйғарады.
"Мен оған әйелді керек мекенжайға жеткізіп қойғанымды айтып, енді жолақысын төлеуі керек екенін жеткіздім. Әйтпесе, әйелді қайтадан алып кетемін дедім. Ол еш ойланбастан маған екі мың теңге аударып жіберді. Сома көп емес, бірақ олар бір жарым миллион теңгені иемденуді жоспарлаған еді. Сондықтан бұл олар үшін өте өкінішті болған шығар", – дейді Төрежан.
Өз кезегінде, такси қызметі Төрежанның қырағылығы мен жолаушыға көрсеткен көмегін жоғары бағалап, оны арнайы марапаттады.
Бұған дейін телефон алаяқтары бір адамға 16 мың рет қоңырау шалғанын жазғанбыз.