ҰҚК мәліметінше, Шекара қызметі ақшалай қаражатты ел аумағынан заңсыз әкетуге жол бермеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
"Биыл 1-10 тамыз аралығында өткізу пункттерінде осындай 70 әрекет тіркелді. Тәркіленген декларацияланбаған валютаның жалпы сомасы 645 млн теңгеден асты", – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Осындай жағдайлардың бірінде Жамбыл облысындағы "Қордай" автокөлік өткізу пунктінде шекаралық бақылау кезінде шетелдік азаматтың киімінің астынан жасырылған 70 мың доллар табылды. Бұл – 32 млн 550 мың теңгеге балама қаражат.
"Аталған деректер бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін тергеу ретіне сәйкес құзыретті органға жолданды", – делінген хабарламада.
ҰҚК Шекара қызметі Қазақстан заңнамасында белгіленген мөлшерден, яғни 10 мың доллардан асатын қолма-қол ақшаны республика аумағынан алып шығуға тыйым салынғанын еске салды.
2026 жылғы 4 тамызда ҰҚК есірткі бизнесіне қарсы күрестің ауқымды нәтижелерін жариялаған еді. Ведомство мәліметінше, 114 Қазақстан азаматы мен 7 шетелдік ұсталған.