Жедел-тергеу іс-шаралары барысында Жансүгіров ауылындағы үйлердің біріне тінту жүргізілді.
Нәтижесінде есірткі құрамды өсімдіктерді өсіруге арнайы жабдықталған бірнеше бөлме анықталды.
Бөлмелерде өсімдіктер отырғызылған құмыралар, сондай-ақ жасанды жарықтандыру жүйесі орнатылған шағын жылыжай анықталды.
Тінту барысында жалпы салмағы 5 келіден асатын 28 түп каннабис, 720 грамм жаңадан жиналған және 762 грамм кептірілген марихуана тәркіленді. Тергеу барысында Ақсу ауданының 60 және 64 жастағы екі тұрғыны анықталды.
Қазіргі уақытта екеуі де қамауда отыр. Аталған дерек бойынша өсіруге тыйым салынған, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Полиция есірткі заттарын заңсыз өсіру және сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
Сондай-ақ азаматтарды есірткінің заңсыз айналымына қатысты белгілі болған фактілер туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырады.