Маңғыстау облыстық ауруханасында түсірілген кадрларды ақтаулық қоғам белсендісі әрі блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады. Оның мәліметінше, құтқарылған әскери қызметшінің есімі – Ақжол Темірәлиев. Ол 2007 жылы туған.
"Қазір жігіттің жағдайы тұрақты. Ол жүріп-тұрады, өздігінен тамақтанады және сөйлеседі. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Енді оған сауығып, есін жинау қажет", – деп жазды Азамат Сәрсенбаев.
Әскери қызметшінің жағдайы туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров та айтты:
"Әскери қызметшілердің бірі облыстық ауруханаға жеткізілді. Түскен кезде барлық диагностикалық шара жүргізілді. Қазір оның жағдайы тұрақты. Терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр және медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында".
2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілерді Каспий теңізіне ағызып әкеткен. Олар теңіз жағасында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.
Алғашында теңізге 19 әскери қызметшіні ағызып әкеткені хабарланды. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі олардың саны 17 екенін нақтылады. 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылғаны белгілі болды. Құтқарылғандардың бірі ауруханаға жатқызылды.
25 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылғанын мәлімдеді. Осылайша Маңғыстаудағы Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандар саны 14 адамға жетті.
Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептерін тергеу үшін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссия құрылды.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.