ҚР ТЖМ "Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығы" ЖШС мәліметінше, сейсмикалық оқиға 28 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 06:32-де тіркелген.
Жер сілкінісінің эпицентрі нақты қай жерде орналасқаны айтылмады. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қалада жер сілкінісі сезілмегенін хабарлады. Сондай-ақ Алматы қалалық ТЖД-ның "112" және "101" нөмірлеріне жер сілкінісіне қатысты оқиғалар туралы хабарламалар мен тұрғындардан өтініштер түспеген.
Алайда Алматының әр ауданында тұратын тұрғындар Еуропа–Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының сайтында дүмпуді сезгендерін жазған:
- "Бір рет әлсіз дүмпу болды. Наурызбай ауданы".
- "Қысқа дүмпу болды. Ұйқылы-ояу жатқан соң, маған солай көрінген шығар деп ойладым".
- "Үйдің екінші қабатында төсек қозғалып кетті. Наурызбай ауданы".
- "Бір-ақ дүмпу болды, бірақ қатты сезілді. Көлікпен келе жатып, кенет тежегендей болды".
- "Алматы, Қалқаман. Жеке үй. Сағат 06:33-те төменнен қатты дүмпу сезілді. Ит те оянып кетті".
- "Каменкада жақсы сезілді".
- "Дүмпу тігінен болғандай көрінді".
- "Төменнен қатты соққы сезілді. Оянып кеттім. Жетінші қабатта анық білінді. Абай – Момышұлы маңы".
- "Біреу кіреберістің есігін бар күшімен тарс жапқандай көрінді".
- "Ақcай-1А, 31А маңында шамамен сағат 06:33-те қатты дүмпу болды".
- "Иә, жағымсыз сезілді. Тігінен дүмпу болды. Тоғызыншы қабат, Алмагүл".
Бұған дейін, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде жер сілкінісі тіркелген еді. Әзербайжанның Республикалық сейсмологиялық қызмет орталығының дерегінше, оның магнитудасы 3,1 болған.