Қазақстан ұлттық деректер орталығының (KNDC) мәліметінше, алғашқы жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 06:32-де болған. Оның эпицентрі Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі қиылысындағы жол айырығы маңында орналасқан. Магнитудасы – 3,4, энергетикалық класы – K 6,9. Дүмпуді негізінен қаланың батыс бөлігіндегі тұрғындардың аз бөлігі сезген. Оның қарқындылығы 2–3 балл деп бағаланды.
Екінші жер сілкінісі үш сағаттан кейін, сағат 09:38-де тіркелген. Оның эпицентрі алғашқы ошаққа жақын, "Батыс" зираты маңында орналасқан. Магнитудасы – 4,2, энергетикалық класы – K 9,1.
"Алматыда оны көптеген тұрғын, тіпті бірінші және екінші қабатта тұратындар да сезді. Қаланың ауданына қарай дүмпу қарқындылығы 3–4 балл деп бағаланады. Ол төменнен жоғары қарай бағытталған бір реттік қатты соққы сияқты сезілген", – деп хабарлады KNDC.
Орталықтың мәліметінше, екі жер сілкінісінің де эпицентрі Алматы аумағында болған. Достық даңғылы мен Чайкина көшесінің қиылысында орналасқан сейсмикалық станцияның жазбалары да жер сілкінісі ошақтарының бір-біріне жақын екенін көрсетеді. Күшті тербеліс бес секундтан аспаған.
Мамандар жер сілкіністерінің орны мен уақыт жағынан жақындығын ескеріп, таңертеңгі алғашқы дүмпуді екіншісінің форшогы деп есептеуге болатынын айтты. Форшок – күштірек жер сілкінісінің алдында болатын әлсіз дүмпу.
Бұған дейін Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті екінші жер сілкінісінің эпицентрі Қырғызстан аумағында орналасқанын хабарлаған еді.