Бұл туралы 2026 жылғы 30 қыркүйекте Атырау облысы әкімдігінің Telegram-арнасында хабарланды.
"Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісу бойынша Данияр Таханов Атырау қаласының әкімі болып тағайындалды", – делінген хабарламада.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов қаланың жаңа әкіміне тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Әсіресе, халықты жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, кәріз және энергиямен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, жылыту маусымын өткізу, апатты үйлердің тұрғындарын көшіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қаланы абаттандыру мәселелеріне баса назар аударуды міндеттеді.
Өңір басшысы қаладағы мәселелерді шешу кезінде депутаттармен және тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеу қажеттігін де атап өтті.
Данияр Таханов 1985 жылы Атырауда дүниеге келген. Бейжіңдегі Қытай мұнай университетін "Өндірістік-коммерциялық басқару" және "Өндірістік экономика" мамандықтары бойынша бітірген. "Болашақ" халықаралық стипендиялық бағдарламасының түлегі.
Еңбек жолын 2009 жылы "ҚазҚұрылысСервис" АҚ-да бастап, түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 2012 жылы Sinopec Engineering компаниясының Қазақстандағы филиалында инженер болып жұмыс істеген.
2012–2017 жылдары "Орал" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары және "Atyrau Innovations" ЖШС директоры болған.
2017 жылдан бастап "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында басқарма төрағасының орынбасары, кейін басқарма төрағасы қызметтерін атқарған. 2022 жылғы мамырдан бері аталған корпорацияны басқарған.
Бұған дейін Атырау қаласының әкімі қызметін 2023 жылғы шілдеден бастап Шәкір Кейкин атқарған.
2026 жылғы 14 қыркүйекте Қазнетте оның өз еркімен қызметінен кеткені туралы ақпарат тарады. Атырау облысының әкімдігі бұл мәліметті растады, алайда қызметтен кету себебін нақтыламады.