Құқық бұзушы елордада өтіп жатқан "Мас жүргізуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған.
"Полицейлер қала аумағында Kia маркалы автокөлікті тоқтатты. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шыққан. Осыған байланысты ол медициналық куәландыруға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде ер адамның жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды", – делінген Астана полиция департаментінің хабарламасында.
Осы факті бойынша құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
"Автокөлік арнайы коммуналдық тұраққа қойылды. Сот қаулысымен жүргізуші жеті жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары мас күйінде көлік жүргізу жол қозғалысына қатысушылардың барлығының өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін еске салды. Мұндай әрекет ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Полиция жүргізушілерді жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
2026 жылғы 11 қазанда Көкшетауда полицейлер жол қозғалысы ережелерін бірден екі рет өрескел бұзған 21 жастағы жергілікті тұрғын басқарған Lada Priora автокөлігін тоқтатқаны белгілі болды. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шығып, полицейлер оның мас болуы мүмкін екенін байқаған.
Жас жігіт медициналық куәландыруға жіберіліп, оның мас күйде болғаны ресми түрде расталды. Дерекқор арқылы жүргізілген кейінгі тексеру барысында оның ешқашан жүргізуші куәлігін алмағаны, тіпті көлік жүргізуді үйрену курсынан да өтпегені анықталды.
Жүргізуші куәлігі жоқ екенін біле тұра, оған көлігін басқаруға берген ағасы да жауапкершілікке тартылды.