"Бірі ұстап, екіншісі басынан тепкен": Алматыда баланы ұрып-соғып, оны қорғаған анасының үстінен арыз жазған

Фото: pexels
Алматыда балалар алаңында ұл баланы ұрып-соққан. Зардап шеккен баланың анасы ұлын қорғауға шыққанын, алайда кейін өзінің үстінен полицияға арыз түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әйел болған оқиға туралы әлеуметтік желіде жазды.

"Алматының Алатау ауданында отбасымның басынан өткен жағдайды көпшілікке жеткізгім келеді. 10 қарашада балалар алаңында екі бала тоғыз жастағы ұлымды ұрып-соққан. Бірі ұстап тұрса, екіншісі басынан тепкен. Ұлым үйге ерні қанап келді. Баламды қорғау үшін сыртқа шыққанымда, оны тағы да ұрып жатқанын көрдім. Сол сәтте бар ойым оларды тоқтатып, ұлымды қорғау болды. Бірақ ең сорақысы содан кейін басталды. Жасөспірімдердің ата-аналары полицияға арыз беріп, оған менің ұлымды қорғап жатқан сәтім ғана түсірілген видеоны тіркеген. Ал баламды ұрып-соққан сәт видеоға түспеген. 11 қарашада балаларыммен бірге Алатау аудандық полиция басқармасында шамамен алты сағат болдық. Полиция қызметкерлері маған дөрекі сөйлеп, психологиялық қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасады. Ұлымнан бөтен адамдардың көзінше қайта-қайта сұраған. Маған өз ұстанымымды толық түсіндіруге мүмкіндік бермеді", – деп жазды әйел.

Ол баласының соққыға жығылғаны неліктен тергеп-тексерудің басты мәселесіне айналмағанын түсінбейтінін жеткізді.

"Неге видеоның қиылған бөлігі ғана қаралып жатыр? Баласын қорғауға тырысқан анаға неге осылай қарайды? Мен де қарсы арыз бердім және барлық жоғары тұрған органдарға жүгінуге ниеттімін. Осы жағдайға назар аударып, әділдікке қол жеткізуге көмектесуді сұраймын", – деп мәлімдеді Әсел.

2026 жылғы 16 қарашада Алматы полициясы оның жазбасына қатысты түсініктеме берді.

"Алматы қаласының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлайды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне қарай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады", – деп хабарлады ведомство.

Қазан айында тағы бір қатыгездік оқиғасы туралы белгілі болған еді. Алматы тұрғыны жасөспірімдердің ұлын қорлап, іші мен бүйрегінен ұрғанын, аузы мен құлағына шикі балық тыққанын мәлімдеген.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Тоқаев мәслихат сайлауына қатысты тапсырма берді

ҰҚК-нің жаңа төрағасы тағайындалды

Қазақстанға тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынды

Қазақстанда халықтың ақшалай табысын есептеу тәсілдері өзгермек

Ренат Айтаев президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды