Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 16 қарашада түскі уақытта болған.
"Бала құлаған кезде басынан жарақат алды. Дереу жедел жәрдем шақырылып, оқушы қалалық ауруханаға жеткізілді", – деп хабарлады білім бөлімі.
17 қарашада оқушыға ота жасалған. Алайда 18 қараша күні таңертең бала қайтыс болды.
Білім бөлімінің мәліметінше, мектепте 200-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Оқиға камераға түсіп қалған.
"Бейнежазбадан оқиға кезінде баланың жалғыз болғаны және баспалдақтың жақтауымен сырғанамақ болғаны көрінеді. Жазбада өзге біреудің баланы ұрғаны немесе итергені тіркелмеген", – деп мәлімдеді Қонаев қаласының білім бөлімі.
Қазір қалалық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Бұған дейін ҚазҰУ-дың қайтыс болған бірінші курс студентінің анасы студенттерден мәжбүрлеп ақша жинау және жоғары курс студенттерінің төменгі курстағыларға әлімжеттік көрсетуі туралы айтқан еді.