ІІМ мәліметінше, қар, көктайғақ пен боран жолда күтпеген жағдайларға әкеп соғуы мүмкін. Осыған байланысты полиция қыста көлікте қандай заттар болғаны жөн екенін еске салды.
- Жылы киім мен көрпе. Көлік жолда тоқтап қалса немесе көмек күтуге тура келсе, жылы киім мен көрпе қажет болуы мүмкін.
- Телефон мен қосымша қуаттағыш. Жолға шығар алдында телефонды толық қуаттап, қосымша қуаттағышты бірге алған жөн.
- Қолшам. Қараңғыда көлікті қарап шығуға немесе қажетті затты табуға көмектеседі.
- Сүйреу арқаны мен күрек. Көлік қарға батып қалса, оны шығару үшін қажет болуы мүмкін.
- Щетка мен мұз қырғыш. Көлік әйнектерін қар мен мұздан тазартуға арналған.
- Апаттық тоқтау белгісі мен жарық шағылыстыратын кеудеше. Жолда амалсыз тоқтаған жағдайда басқа жүргізушілерге ескерту үшін қажет.
- Алғашқы көмек қобдишасы мен өрт сөндіргіш. Жолда төтенше жағдай бола қалса, екеуі де көлікте болуы керек.
"Жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеріңіз. Әсіресе тежегіш жүйесіне, аккумуляторға, жарық беру құралдарына және қысқы шиналарға назар аударыңыз. Ауа райы болжамын алдын ала қарап, жолдың жай-күйін біліп алыңыз. Қауіпсіз жылдамдықпен жүріп, алдағы көлікпен арақашықтық сақтаңыз. Боран күшейсе, сапарды кейінге қалдырған жөн", – деп кеңес берді ІІМ.
Министрлік шұғыл жағдайда 102 немесе 112 нөміріне қоңырау шалуды ұсынды. Сондай-ақ жүргізушілерге қысқы жолдағы қауіпсіздік сапарға дұрыс дайындалудан басталатынын еске салды.
Бұған дейін "ҚазАвтоЖол" 26 қарашаға арналған жол болжамында Қазақстанның 13 өңірінде қар аралас жаңбыр мен қар жауатынын ескерткен еді.