Депутат 31-мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленгенін еске салып өтті.
Осыған орай ол ҚР оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 36 оқу аптасының соңы 31-мамыр болып бекітілгенін тілге тиек етті.
"Бұл шешімнің бейіт басында той жасағандай әсер етіп тұрғанын айтпасақ болмайды. Аталған министрлікте осыны уақытында аңғарып, дер кезінде бұл бұйрықта оңтайлы шешім ұсынуға түсінігі жететін бір адамның табылмағаны ма шынымен?! Қайран боздақтардың рухына бір күнді де қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?! Адамшылығымыз қайсы?! Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30-мамырға, не болмаса 1-маусымға ауыстыру керек. Бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап".аМәжіліс депутаты Аманжол Әлтай
Бұған қоса депутат 31 мамыр телеарналарда әзіл-қалжың, шоу бағдарламалар, эстрадалық концерттерді тоқтатып, оның орнына ел тарихындағы қасіретті күндерді жас ұрпақтың жетік түсінуіне жол ашатын мазмұнды бағдарламалар көрсетуді ұсынды.