Отбасындағы бәсекелестік қайдан пайда болады - маман жауабы

Жанұя – бірлескен одақ, отбасындағы әр мүшенің өзіндік орны бар. Алайда "Отбасының бастығы кім?", "Соңғы сөзді мен айтам" деп ер мен әйел бір-бірімен өзара текетіресіп те жатады, кейде бұл бәсекелестікке балалар қосылады.

Отбасындағы бәсекелестік – қоғамда бар мәселе. Бұл жағдайдан қалай шығамыз? Саралап көрдік.

Әр елдің салты басқа, сол секілді әр отбасының да өзіндік ережесі бар. Кейбір отбасылар ерге бағынса, кейбіреулері ер мен әйелдің тең құқығын қолдайды, ал кейбір жанұяларда әйел "бастық".

Ер мен әйел бірлесіп одақ құрған соң әркімнің отбасындағы міндеті айқындалады. Мысалы, әйел адам тамақ пісіреді, кір жуады, үй жинайды, ал ер адам сырттың шаруасын істейді.

Психология ілімінде отбасының даму сатылары мен дағдарысқа түсетін кезеңдері бар. Олар мыналар:

  1.  Монада — жалғыз тұратын, өз-өзін қамтамасыз ете алатын адам.
  2.  Диада — ер мен әйел қосылып, бірге тұрады. Алғашқы дағдарыс.
  3.  Триада — баланың дүниеге келуі. Екінші дағдарыс.
  4.  Екінші (үшінші, төртінші, т.б.) баланың дүниеге келуі. Үшінші дағдарыс.
  5.  Балалар сыртқы әлемге шығады (балабақша, мектеп). Отбасындағы дағдарыс.
  6.  Жасөспірім кезеңдегі дағдарыс.
  7.  Балалар ата-анасынан бөлек тұра бастайды. Дағдарыс.
  8.  Ер мен әйел қартайып, тек екеуі тұра бастайды. Дағдарыс.
  9.  Ерлі-зайыптылардың біреуі қайтыс болады. Отбасының өмірлік циклі тоқтайды.

Егер ерлі-зайыптылар бір кезеңнен екінші кезеңге өте алмаса, мәселе туындайды. Мәселен, отбасында бала дүниеге келді. Жас жұбайлар үшін алғашқы дағларыс басталады, өйткені, ендігі жерде олар тек ер мен әйел емес, ата-ана атанады. Алайда ер адам бала қарамайды деген түсінікпен өскен еркек бала бағудан қашады, ал әйелі оған келіспейді, әйелдің сөзінше отбасындағы міндеттер теңдей екіге бөлінуі тиіс.

Осы жерде келіспеушілік туындайды, билікке талас басталады. "Отбасында кім бастық? Кімнің сөзі шешуші рөл ойнайды?".

Осы тұста мәселеге ата-аналар араласады. Көбіне ұл үйленген соң ата-анасымен, әйелімен бірге тұрады. Бөлек үйде тұрса да, ұлдың ата-анасымен эмоционалды байланысы мықты болса, әр қадамын басқан сайын ол әке-шешесінің мақұлдауын талап етеді.

Келіссөз екі адамның емес, бірнеше адамның арасында жүретін болса, ондай жерде бәсекелестік туады.

Отбасында кім-кіммен бәсекелеседі

Ене мен келін

Келін келмей тұрып ене сол үйдің ішкі тірлігін шешетін билік иесі еді, келін келген соң отбасындағы ереже өзгере бастайды. Ене өзінің ұлы өзімен тең дәрежеде ақша тауып, өз отбасын асырай алатын халге жеткенін көрсе де, іштей мойындамайды, ене үшін баласы да, келіні де – кішкентай.

Ал ене мен келін бір ер адамды жүректеріне кіргізгендіктен, көбіне сол ер адамның көңіліне таласады.

Көбіне келінді қабылдамайтын енелер өз өмірін толықтай балаларына арнаған жандар.

Егер отбасында осындай мәселе болса, ерлі-зайыпты бір-бірімен келіссөз жасауы тиіс. "Сенің міндетің – мынау, менікі – мынау" деп міндеттерді бөлісуі керек. Ененің көмегі керек болатын тұстарды нақтылау қажет. Мысалы, немерелерді сабаққа апару, ауладағы бақшаға күтім жасау, т.б.

Ер мен әйел

Ерлі-зайыптылар арасындағы бәсекелестік келісімге келе алмаудан туындайды. Мысалы, еркек әйеліне айтпай өзіне бір нәрсе сатып алды делік. Осы жерде жанжалдың басы басталады. "Маған неге айтпадың?" "Мына түрін емес, басқа түрін алуың керек еді" дегендей сөздердің астарында "Сен менсіз дұрыс нәрсе сатып ала алмайсың" деген мағына жатады.

Егер осындай мәселе болса, ер мен әйел бір-бірімен бетпе-бет сөйлесуі тиіс.

Қайын әпке мен келін

Бұл жердегі бәсекелестік: "Мына отбасыда мен сенен күштірекпін" деген мағынадан туындайды. Көбіне қайын әпке өзінің інісіне бұйрық беріп үйренгендіктен, келініне де айтқанын жасатқысы келеді. Қайын әпке інісін мінсіз еркек деп қабылдамаса да, өзін мінсіз әйел ретінде көреді. Сондықтан ас пісіруде, бала тәрбиелеуде, үй тірлігін жасауда келініне бастық болып отырады. Әлбетте бұндай кеңестерді келін қабылдамай жатады. Осы жерден жанжал туындайды.

Егер отбасында осындай мәселе болса, ер адам жауапкершілікті қолына алып, өзі құрған отбасын қорғауы тиіс, ал әйел адам қайын әпкесі расымен кей шаруаларда өзінен мықты болса, оған мүмкіндік беріп, өзі қайын әпкесінен жақсы істейтін тірлікті жасай беруі тиіс.

Әке-шеше мен бала

Мысалы, отбасында әке көбіне жұмыста, ал анасы көбіне үйде болса, анасы үйдің ішіндегі мәселелердің бәрін көбіне үлкен баласына айта бастайды. Әкесін үйде аз болатыны үшін жазғырады, сезімдерін баласына бөліседі. Бұндай жағдайда бала өзін маңызды сезініп, жанұяда әкенің орнын басуға дейін барады.

Бұндай мәселе кездессе, тізім жасап, әке-шешенің міндетін бөлек, баланың міндетін бөлек жазу керек. Сезімдерін, өкпе-реніштерін, бір-біріне айтар претензияларын отырып талқылау керек.

Бауырлар

Бауырлар арасындағы бәсекелестік әр отбасында бар. Көбіне үйдің үлкен баласы кіші баладан әке-шешесінің назарын қызғанады.

Үлкен бала үшін кіші баланың дүниеге келуі қуанышты жағдай емес. Отбасының жаңа мүшесі оның бөлмесіне, ойыншығына, заттарына ортақтасады. Үлкен бала ересек балаға, кейде бала күтушіге айналады. Осы жерден жанжал, өкпе-реніш пен бәсекелестік басталады.

Егер осындай мәселе болса, балалардың кеңістігін теңдей бөлу керек. Әр баланың жеке кеңістігі болуы тиіс. Кіші балаға үлкен баланың аумағына сыйластықпен қарауын, оның рұқсатынсыз ойыншықтарын алмауын айтып отыру керек. Балалар арасындағы міндеттерді теңдей бөліп, әр бала өз бағыты бойынша жетістікке жетіп, ата-аналарынан мақтау естуін қамтамасыз ету қажет.

Психолог Шаттық Қалидің сөзінше, үлкен бала мен кіші бала арасындағы бәсекелестік бала дүниеге келмей тұрып пайда болады. Сондықтан үлкен баланы маңызды адам ретінде қабылдау керек.

"Үлкен балаға ересек адамның тірлігін артып қоюға болмайды. "Сен үлкенсің, сондықтан кіші балаға ойыншығыңды бер" деп айту қате. Баладан ересек адамның әрекетін күту дұрыс емес. Үлкен бала тұңғыш болып туылғанына кінәлі емес, сондықтан оны кішілердің алдына жығып беруді доғару керек. Балаларды бір-бірімен салыстырмаңыз. 5 минут ережесін ұстанып, әр балаға бес минуттан уақыт бөліп, қал-жағдайының қалай екенін сұраңыз", - дейді маман.

Мейіргүл Оңғарова

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: