Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен алматылық полицей басынан кешкенін баяндады

Қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде көптеген полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер ауыр жарақат алып, кейбірі қаза тапты. Дәл сол күндері қоғам қауіпсіздігі үшін қызмет етуге шыққандардың бірі – Ғазиз Нұрғалымов басынан кешкенін баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz

Ол – Алматы қаласы Әуезов аудандық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы. Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Тәртіпсіздік кезінде топтың тепкісінің астында қалған полиция аға лейтенанты бүгінде қалалық ауруханалардың бірінде ем алуда. Бала кезден полицей болуды армандаған Ғазиз әрдайым азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет етуге дайын.

Олай болады деп ойлаған жоқпыз. Біздің Алматыда әр сенбі сайын митингі емес пе? Халық көшеге шығып, шер-мұңын айтып, содан тарқайды. Бұл жолы да солай деп ойладық. Кешке қарай қайтқанның орнына адамдар көбейе бастады. Сағат 10-дарда қолдағы темірді жұлқылап, агрессивті күш көрсете бастады. Әскерилер бар, біз де бар, жерге құлатып, бас жарып, тепкіге алды. Біреу мойнымнан соқты темірмен, сол жақтан. Талып қалдым. "Бүйрегі істемей жатыр, қан қысымы көтеріліп кетті" деп жатты ауруханада. Мойнымды тесіп, түтікше қойды, аппаратқа қосты. Көп жүруге болмайды, гемодализдан кейін шаршайсың. 6 – 12 сағатқа дейін қозғалмай жатасың. Қан көп кетіп қалған. Көп жүрсем талып қаламын. Бір ай дегенде еңсемді әрең түзедім... Ғазиз Нұрғалымов

Қаңтар айының басында орын алған мемлекеттік төңкерісті болдырмау кезінде жалпы 3037 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі түрлі жарақат алды.

Қазіргі таңда 107 қызметкер әртүрлі ауыр жарақаттарымен ем алуда.

Тәртіпсіздік салдарынан Ішкі істер органдарының 8 қызметкері қаза болды.

Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: