"Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі азамат Серік Мырзақұлұлы Күдебаевтің (01.01.1965ж.т.) ресми жұмыс істеп тұрған өткізу пунктері арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтпегенін хабарлайды".
Бүгінгі күні шектес мемлекеттердің шекара өкілдері аппаратымен бірлесе отырып, тексеру тағайындалғаны да нақтыланады.
"Тексеру нәтижесі қосымша хабарланатын болады", делінген хабарламада.
Бұған дейін Күдебаевтың 2023 жылдың 3 сәуірінде сотқа келмегені және оған іздеу жарияланғаны хабарланған болатын.
9 наурызда ол гипертония диагнозымен медициналық мекемеге жатқызылған болатын. Сотталушының ауруына байланысты сот отырыстары бірнеше рет кейінге қалдырылғандықтан, оны сотқа мәжбүрлеп жеткізу туралы шешім қабылданды.
Алайда, 3 сәуірде оның елде жоқ екендігі белгілі болды.
Айта кетсек, 2022 жылы 13 мамырда Серік Күдебаевтың қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылғаны белгілі болды. Бас прокуратура Алматы облысы ПД-ның экс-бастығы "ауыр зардаптарға әкеліп соқтырған қызметіндегі әрекетсіздік" бабы бойынша күдікке ілінгенін хабарлады.
2023 жылы 31 қаңтарда Серік Күдебаев қаңтар оқиғалары кезінде Талдықорғаннан не үшін кеткенін айтып берді.
Прокурор 28 ақпанда Алматы облыстық полициясының бұрынғы бастығы Серік Күдебаевқа тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Серік Күдебаев 2020 жылдың қаңтар айынан бастап Алматы облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарып келген. Ол 2022 жылдың 18 ақпанынан бастап Ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылды.