Интернет алаяқтық: Қазақстан азаматтары енді өз атына несие тіркеуге тыйым сала алады

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі интернет алаяқтық фактілеріне қатысты депутаттық сауалды қарап шықты. ҚНРДА банктен қарыз және микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды қамтитын түзетулерді әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

№ДС-148 депутаттық сауалы Мәжіліс сайтында 2023 жылдың 10 мамырында жарияланған

Бүгінгі таңда цифрландыру мен қашықтан көрсетілетін қызметтердің дамуымен бірге тұтынушылық кредиттеу нарығында азаматтарға жалған қарыздарды алаяқтық жолмен ресімдейтін алаяқтар да жанданғаны атап өтіледі.

2022 жылдан бастап агенттікке жеке тұлғалардың 132 жолданымын және ішкі істер органдарының 26 ұсынымын қоса алғанда, үшінші тұлғалардың жалған микрокредиттерді ресімдеуі мәселелері бойынша 158 жолданым келіп түсті.

Агенттік барлық жолданым бойынша құжаттамалық тексерулер тағайындады, олардың қорытындысы бойынша 9 МҚҰ (микроқаржы ұйымдары) бойынша жазбаша нұсқамалар түрінде шектеулі ықпал ету шаралары қолданылды.

МҚҰ 46 микрокредит бойынша 4,5 млн теңге сомаға заңсыз берешекті есептен шығарды, сондай-ақ кредиттік тарихқа түзету жүргізілді. 23 микрокредит бойынша тергеу аяқталғанға дейін және клиенттің микрокредит алмау фактісін растайтын сот шешімін алғанға дейін сыйақы есептеу және шағым-талап жұмыстарын жүргізу тоқтатылды.

Азаматтарды алаяқтардан қорғауды арттыру мақсатында агенттік кредиттік алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін іске асыру жөніндегі жол картасын әзірледі. Жол картасы аясында:

1) қаржы ұйымдарымен алаяқтық операциялар және осындай операцияларға тартылған адамдар бойынша деректер ақпарат алмасу үшін Антифрод-орталық құру;

2) алаяқтық белгілері анықталған кезде клиенттің өтініші бойынша ақшаға қолжетімділікті тоқтату тәртібін әзірлеу;

3) кредиттік алаяқтықты, жалған шопингті немесе өзге де заңсыз қызметті анықтаудың онлайн жүйесінің болуы бойынша кредиттік бюроға қойылатын талаптарды белгілеу;

4) жеке тұлғаларға берілген онлайн қарыздар туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде кредиттік бюроларға беру жөніндегі талаптарды белгілеу;

5) банктерге және МҚҰ-ға онлайн кредит алуға өтінімнің келіп түскені, сондай-ақ онлайн кредитті ресімдеуге оның растамасын алғаннан кейін ғана клиенттің шотына ақша аудару мүмкіндігі туралы клиентті хабардар ету бойынша талаптарды енгізу;

6) онлайн режимде микрокредиттер беру кезінде қаржы ұйымдарының мобильді қосымшаларының қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды арттыру көзделген.

Агенттік бірінші рет кірген, құпиясөзді өзгерткен және қарыз алған кезде міндетті болатын биометрияны енгізді, қосымшаның жұмыс істеу қауіпсіздігінің бұзылу белгілері анықталған кезде мобильдік құрылғыны қол жеткізу құқықтарының бұзылу белгілерінің болуы немесе қашықтан басқару және функционалды бұғаттау процесінің болуы тұрғысынан тексеруді жүзеге асырды.

Egov арқылы онлайн-микрокредиттер ресімдеуге тыйым салуды енгізуге қатысты:

Электрондық үкіметтің порталы арқылы азаматтарға онлайнмикрокредиттер ресімдеуге тыйым салу тетігін енгізу жөніндегі депутаттардың ұсыныстарын іске асыру мақсатында, агенттік заңнамалық актілерге төмендегілерді көздейтін түзетулер әзірледі:

1) жеке тұлғаның банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуын белгілеу құқығын бекіту. Бұл сервис "электрондық үкіметтің" веб-порталында және "eGov Mobile" мобильдік қосымшасында іске асырылатын болады;

2) банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарыз алушының кредиттік тарихында кредит алудан ерікті түрде бас тарту туралы ақпарат болған кезде жеке тұлғаға кредит беруге тыйым салу енгізу;

3) кредит ресімдеуге тиісті тыйым болған кезде жеке тұлғаны берілген кредит бойынша міндеттемелерді орындаудан босату.

Заңнамалық түзетулер блогы қаржы нарығына қатысушылармен келісілген және қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімінен өтуде.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: