Оның видеосы бір күн бұрын Instagram-дағы Taldykorganec_insta парақшасында пайда болды.
Видеодан көрініп тұрғандай, полиция қызметкері белгісіз ер адамға хаттама толтырып жатыр. Кейінірек белгілі болғандай, арнайы белгісі жоқ жерден жолды кесіп өткен жаяу жүргіншіге айыппұл салынған. Алайда, желі қолданушылары "Нива" маркалы жеке көлікпен патрульге шыққан полицейлердің әрекетіне таң қалған.
Аталған мәселеге қатысты Zakon.kz тілшісі Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінді. Олар қызметкерлердің жеке көлікпен патрульдеу фактісін растады. Дегенмен ПД-дағыдар бұған заңмен тыйым салынбағанын жеткізді.
Полициядағылар 12 учаскелік инспектордың тек екеуіне қызметтік автокөлік қарастырылғанын, осыған байланысты олар жеке көлікпен патрульге шығуға мәжбүр екенін айтады.
"Видеода полицейлердің іс-әрекеттерінен қандай да бір заң бұзушылықтар байқалған жоқ. Қаланың көрсетілген бөлігіне (3, 4, 5, 6, 7, 8, 9 ы/а., қала маңы және арнайы қалашық) полицияның 12 учаскелік инспекторы қызмет көрсетеді, олардың қолданысында тек екі қызметтік автокөлік бар. Осыған байланысты учаскелерді аралауда, көбінесе қызметкерлер жеке автокөліктерін пайдаланады", – деп хабарлады Жетісу облысы ПД.
Бұл күндері облыс орталығында 15 тамызға дейін жалғасатын "Қауіпсіз жол" профилактикалық шарасы пысықталып жатыр.