Жемқорлық бойынша күдікке ілінген Садуақас Байғабыловқа қатысты сот үкімі шықты

Астанада 2023 жылы 27 қыркүйекте Ұлттық сараптама орталығы төрағасының бұрынғы орынбасары Сәдуақас Байғабыловтың, сондай-ақ аталған орталықтың Жетісу филиалының басшысы Асхат Манкеевтің ісі бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Байғабыловқа қатысты өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алаяқтыққа бару (ҚК-нің 190-бабы, 2-бөлігі, 3-тармағы) және Манкеевке қатысты мемлекеттік функцияларды орындаушыға теңестірілген тұлғаға елеулі мөлшерде пара беруге әрекеттену (ҚК-нің  24-бабы, 3-бөлігі, 367-бабы, 2-бөлігі) ісі қаралды. 

Сот Манкеевтің үшінші тұлғалар арқылы Байғабыловқа 2500 доллар көлемінде пара бергенін анықтады.

"Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жария етуге жатпайтын тергеу материалдарымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді", делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі


Сондай-ақ, сот ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.


"Сот Байғабыловқа үш жыл мерзімге мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады". Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты

Манкеевке мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 22 млн теңгеден астам айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Байғабыловтың сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық жасады деп күдікке ілінгені 2023 жылы 25 шілдеде белгілі болды.

Сәдуақас Байғабылов бұған дейін денсаулық сақтау саласында жоғары лауазымды қызметтерді атқарған. Ол Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы, елорданың, Павлодар облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Қазақстанның көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер болып жұмыс істеген. 

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: