"Алданған отбасылардың жағдайы ауыр". Мәжілісте елді қан қақсатқан әйелдің есімі аталды

Мәжілістегі бір топ депутат интернет алаяқтық мәселесін қозғап, статистиканы алға тартып, еліміздің Бас прокурорына сауал жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Депутаттар келтірген статистикаға сүйенсек, 2022 жылдың өзінде интернет алақтық бойынша 20 444 дерек тіркеліп, 16,5 миллиард теңгеге залал келген. Ал биыл жыл аяқталмаса да, 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, зардап саны 11 миллиардан асты. Олардың құрбаны - көбінде үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер.

"Интернет алаяқтықтың түр-түрі бар. Соңғы уақытта кеңінен етек жайып келе жатқан әлеуметтік желі арқылы "байер" деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арзан тауар жеткізушілер көбейген. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс жасаса, енді бірі толығымен халықты алдап кетуде. Солардың бірі елде лақап атымен танымал болған – Айс Мұратова (Шын аты - Арайлым). Ол соңғы 2 жылда халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Оның ішінде, Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқтар жіберемін деген. Әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, "қол астымда заңды жұмысшыларым" бар деп елді сендірген. Төлемдерді ешқандай келісім-шартсыз, яғни карталық шотына "перевод" арқылы жіберуді сұраған. Рас, басында аз-маз ақшаға қажетті тауарларды жіберіп, кейін ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдаған. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған?!". Депутат Дәулет Мұқаев

Желідегі ақпарат бойынша, аталған әйел еліміздің әр өңіріндегі 5 мыңнан астам азаматтан жалпы соммасы шамамен 30 миллиард теңге жинап алып, барлығын алдап кеткен.

"Құрметті Берік Ноғайұлы! Бұл мәселе күннен-күнге ушығуда. Алданған отбасылардың жағдайы ауыр. Қаншама шаңырақ шайқалуға жақын. Бұл схема, таза қаржылық пирамидаға ұқсайды. Жоғарыда айтылғандарды ескере келе, тергеу жұмыстары әділ жүргізіліп, іске қатыстылардың барлығына тиісті жаза қолдану керек. Себебі алданған адамдар тергеудің әділетті өтетініне сенбей, жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Сондықтан да бұл мәселені өзіңіздің жеке бақылауыңызға алуды сұраймын", делінген депутаттық сауалда. 

Айта кетсек, Алматы қалалық полициясы аталған әйелге қатысты 21 адамнан келіп түскен арыз бойынша іс қозғаған. Олардың барлығы оған Қытайдың арзан тауарларына тапсырыс беріп, картасына ақша аударып, алданған. Залал көлемі - 3 млрд теңге. Айс Мұратоваға еліміздің әр өңірінен тапсырыс бергендер көп екені туралы да ақпарат бар. 

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: