Осындай даталы күні полицейлер балаларды құтқарған оқиғаларын еске түсіріп, бірқатарын тізбектеп берді.
Осындай жағдайлардың бірі 2023 жылдың 20 қаңтарында Түркістан облысында болды. Ол кезде Түркістан қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Ерік Ақмолдаев аяқ-қолы тартыла бастаған кішкентай балаға алғашқы көмек көрсеткен болатын. Белгісіз әйел полиция қызметкеріне жүгіріп келіп, көшеде ұлы кенеттен өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалғанын түсіндіріп, көмек сұрайды.
"Мен баланы қалай аман алып қаламын деп ойландым. Бірден ыңғайлы және жылы жер іздей бастадым, содан баланы жақын маңдағы дүкенге алып кірдім. Содан қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Осы кезде маған тағы бір әйел жақындап келіп, өзін медбике ретінде таныстырды. Біз екеулеп алғашқы көмек көрсете бастадық. Мен баланы денесінен ұстап тұрдым, ал көмекке келген әйел жұтып қоймас үшін баланың тілін тартуға тырысты. Осылайша біз баланы құтқардық. Осыдан кейін оларды анасымен бірге жедел жәрдем көлігіне салып алып кетті", - дейді полиция қызметкері.
Баланың анасы Ақмолдаевқа көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
"Полиция қызметкері менің баламды бір өлімнен құтқарды. Ол үшін үлкен алғысымды білдіремін. Мұндай адамдар кез-келген марапатқа лайық, мұндай азаматтар көп болса екен деп тілеймін. Оған жұмысында тек сәттілік тілеймін!", - деді ана.
Сурет: polisia.kz
Ал мамыр айында учаскелік полиция инспекторы Павлодар облысындағы өрт кезінде жасөспірімді құтқарып қалды. Биыл, 10 мамырда ауылда патрульдеу кезінде полиция қызметкері Қуаныш Жаябаев үйлердің арасынан қалың түтінді байқайды, сөйтіп оқиға орнына қарай беттеп, жеткенше асығады. Жеке тұрғын үй өртеніп жатқан. Қуаныш өртеніп жатқан үй ішіне қойып кетіп, ондағы бөлмелердің бірінен 14 жасар баланы табады. Қалың түтін ішінен ол көмек сұраған жасөспірімді тауып алып, оны сыртқа алып шығады. Баланы көршілерге табыстап, ол қызыл жалынға оранған үйге қайта беттейді. Ондағы ойы - тағы қалып кеткендер бар ма және ас бөлмеде газ баллоны болса, соны алып шығу. Жасөспірімнің туыстары ұлын құтқарғаны үшін учаскелік инспекторға алғыс айтты.
"Мен біздің учаскелік қызметкерге үлкен алғысымды білдіріп, тағзым етемін! Егер Қуаныш болмаса, менің ұлым өліп кетуі мүмкін еді", - деп атап өтті ауыл тұрғыны өзінің видео үндеуінде.
Айта кетсек, осыдан кейін ҚР Президентінің Жарлығымен аталған учаскелік полицейге "Ерлігі үшін" медалі табысталды.
Сурет: polisia.kz
Сондай-ақ Рудный қаласында полиция аға сержанты Әділ Қадірбековтің жедел әрекетінің арқасында кішкентай сәбиді құтқару мүмкін болды. Патрульдеу кезінде полиция қызметкері пәтерлерді аралап жүріп, көмек сұраған дауысты естиді.
"Қолында баласы бар әйелді көрдім. Ол нәрестесі дем алмай жатқанын, күні бұрын оның орындықтан құлап кеткенін айтты", - деді полиция қызметкері.
Полиция қызметкері жедел жәрдемге қоңырау шалып, кезекші дәрігердің нұсқауын басшылыққа ала отырып, реанимациялық шараға кіріседі. Көрсетілген көмектің арқасында бала көзін ашып, тыныстай бастайды. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер полицейдің іс-әрекетінің дұрыстығын растады. Баланың ата-анасы полиция қызметкеріне алғыс білдірді.
"Көрсетілген көмектің арқасында ұлым есін жиып, екінші рет тыныстауға мүмкіндік алды. Көп рахмет" - деді баланың әкесі.
Ал бұл оқиға туралы БАҚ-тарда мүлде айтылмаған, оны бізге атыраулық полиция капитаны хабарлады. Амангелді Мұқашев бірнеше жыл бұрын дәретханадан жаңа туған нәрестені қалай ттауып алғанын айтып берді.
Сурет: polisia.kz
"Егер мен қателеспесем, бұл 2015-2016 жылдары болған. Кезекшілікте болған кезде жергілікті тұрғын үйлердің бірінің дәретханасынан жаңа туған нәрестені көргенін хабарлады. Дереу оқиға орнына аттандым. Жедел жәрдем медбикесі қорыққанынан "бала өлді" деп айқайлап жіберді, бірақ осы кезде дәретхана түбінен баланың дауысы естілді. Мен шұңқырға қарап байқастап, дәретхананың сыртқы қалыбын шеткері алып, төменге түстім. Бала әлі жатыр көйлегінде екен. Бірден баланы құшақтаған күйі жоғары көтерілдім. Шынымды айтсам, баланың періштесі бар екен. Әйтпесе бірнеше минутқа шұңқырға түскен менің өзіме ауа жетпей, қатты тұншықтым", - дейді полицей.
Дүниеге осылай келген нәрестенің есімін оны құтқарған тәртіп сақшысының құрметіне Амангелді қойыпты. Бұл Қазақстанның тәртіп сақшылары жасаған жүздеген ерлігінің бірнеше парасы ғана. Еліміздің полицейлері ата-аналарды мұқият болуға және балаларына әрдайым сақ болуға шақырады.