Мемлекет басшысы "2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетсек, аталған келісім 2016 жылғы 12 ақпанда күшіне енген. Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы төрт хаттама мақұлданған.
Бірінші хаттаманы ратификациялау бұрынғы ұлттық рәсім бойынша берілген мерзімсіз тіркеу куәліктері бар медициналық ұйымдарға Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркелмей Қазақстан аумағында еркін айналымда болуына мүмкіндік береді. Ұлттық заңнама бойынша 10 медициналық бұйым тіркелген. Оларды одақ шеңберінде қайта тіркеудің қажеті жоқ.
ДСМ мәліметінше, екінші хаттама ұлттық тіркеуді 2022 жылдың аяғына дейін ұзартуға және ұлттық заңнама бойынша жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік берген. Алайда бұған тиісті мекемелер дайын болмағандықтан, оны 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін созу туралы төртінші хаттама әзірленді.
"Бұл заңдар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы медициналық бұйымдар айналымына қатысты жекелеген мәселелерді реттеуге арналған. Жаңа нормалар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді сапалы медициналық бұйымдармен жүйелі негізде қамтамасыз етуге қолайлы жағдай қалыптастырады деп сенеміз", - деді Мәулен Әшімбаев аталған құқықтық құжаттың Сенаттағы талқысы барысында.