Алматыда лаңкестер қолынан қаза тапқан полицейдің ұлы бүгіндері әке ісін жалғастыруда

Бүгін елімізде полицейлер кәсіби мерекесін атап өтуде. Осындай айтулы датада Zakon.kz ел тыныштығын қамтамасыз етуші қызмет бабында қаза тапқан алматылық полицей Ержан Қайрақпаев пен Ерназ Қожахметовтың ерлігін еске алуды жөн көріп отыр.

Полиция аға лейтенанты Әсет Қайрақбаев - әкесі сияқты патрульдік полиция қызметкері. Ол 2012 жылдың шілде айында ауыр қылмыстың жолын кесу кезінде қайтыс болған әкесінің жұмысын жалғастыруда.

2012 жылы 28 шілдеде таңғы сағат 9 шамасында Түрксіб ауданында қоғамдық тәртіпті күзететін "Буран-170" патрульдік экипажы Бекмаханов көшесінің бойында, жол жиегінде күдікті такси көлігін байқаған. Қырағылық танытқан полицейлер жүргізуші мен оның жолаушыларының жеке басын тексеруді ұйғарады. Сол кезде патрульдік қызметкерлерге атыс қаруынан оқ атылды. Полиция аға лейтенанты Ержан Қайрақбаев басына тиген оқтан оқиға орнында көз жұмды, ал оның әріптесі полиция лейтенанты Ерназ Қожахметов қаладағы ауруханалардың бірінің жансақтау бөлімінде екі күннен кейін қайтыс болды. Полиция қызметкерлері өлтірілгеннен кейін екі күннен соң "Ақкент" ықшамауданында арнайы іс-шара кезінде алты қылмыскердің көзі түгелдей жойылды.

"Әкем қайтыс болғанда мен небәрі 16 жаста едім, ал інім Алмаз небәрі 9 жаста еді. Бүгінде азаматтардың қауіпсіздігі және Отан қорғау үшін қызметте жүріп, мен полиция қызметкері мамандығы қаншалықты қиын, жауапты және қауіпті екенін түсінемін. Әкемнің ерлігін біздің отбасы ғана емес, бүкіл ел мақтан етеді. 2012 жылдың желтоқсанында әкем мен оның әріптесі Ерназ Қожахметов қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік наградамен марапатталды. Қызмет бабында қаза тапқан патрульдік полицейлер мұндай жоғары марапатқа әбден лайық. Олар қоғамдық тәртіпті өз өмірлерімен қорғап, қылмыспен бітіспес күресте қаза тапты. Оларға азаматтардың конституциялық құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау антпен тапсырылды. Олар өздерінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарды", - деді, Әсет Қайрақбаев.


Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: