Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданының қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері азаматтардың ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен 21 жастағы жасөспірімді анықтап, ұстады.
"Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қала тұрғыны елордадағы беделді жоғары оқу орындарының біріне грантқа түсуге уәде берген. Ол жәбірленушілердің барлығының шетелде білім алып жатқанын пайдаланып, осы салада таныстары бар екенін мәлімдеген. Қаскүнем грантқа аударуға көмектесемін деген желеумен, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында қылмыстық ниетпен ақша талап етіп, алдап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 7 миллион теңгені құрайды", делінген полиция хабарламасында.
Жас жігіт жасаған қылмысын мойындады.
Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Тергеу барысында ұсталған азаматтың осыған ұқсас 15 эпизодқа қатысы бар екені анықталды. Астана қаласы полиция департаменті елорда тұрғындарын алаяқтардың айласына көнбеулерін сұрайды. Егер сізге қарсы заңсыз әрекеттер жасалса дереу 102 арнасы бойынша полицияға хабарласыңыз".