Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі жедел уәкіл Динара Зәкиева Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Ақтөбе облысының Қопа ауылына барып, қайтыс болған бала өлімінің мән-жайын анықтап, мектептегі жағдайды тексеріп келдім. Оқиға орнында мектеп психологы, әлеуметтік қызметкері және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектордың (КТІИ) жұмысын зерттеп, аудан прокурорымен бірге оқушылар арасында анонимді сауалнама жүргізіп, психологтың өткен жылы өткізген сауалнамаларын талдадым. Аталмыш мектепте балалар арасында үлкендер кішілерді "тәрбиелейді" деген "жүйе", сонымен қатар, бопсалаудың белгілері және шұғыл араласуды қажет ететін басқа да мәселелер бар екені анықталды", деп жазды жедел уәкіл.
Зәкиева тексеру нәтижелерін аудан әкіміне, мектепке және полицияға ұсынғанын, себебі кездесудің басында бұл фактілер олардың тарапынан жоққа шығарылғанын нақтылады.
"Мәселені жоққа шығару, оған енжарлықпен қарау себептерді жоюға және алдын алуға қатысты жұмыс жүргізбеуге әкеледі, бұл осындай қайғылы жағдайларға соқтыруы мүмкін. Одан кейін облыс әкімі Шахаров А.Б. және облыс прокуроры Дәуешов Х.З. мырзалармен кездесіп, жүйелі шешімдерді енгізуді талқыладық. Өкінішке қарай, буллинг және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс мәселесі барлық аймақтарда өзекті болып отыр, бұл алдын алу шараларына баса назар аудара отырып, кешенді тәсіл арқылы шешуді талап етеді. Осыған байланысты балалардың құқықтарын қорғау жүйесін және құқық бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз ету үшін бірнеше маңызды мәселе бар". Динара Зәкиева
Қазіргі уақытта біз бұл мәселелер бойынша ҚР Президенті Әкімшілігімен, мемлекеттік органдармен жұмыс істеп жатырмыз:
- Әр мектепке кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторды қайтару маңызды. Бұрын әр мектептің өзінің инспекторы болатын, бұл жақсы нәтиже берген еді. Кейін инспекторлардың көбі учаскелік бөлімшелерге ауыстырылды. Копа ауылы орналасқан Темір ауданында 27 мектепке небәрі 3 КТІИ қызметкері ғана бар, ал кейбір ауылдардың арасы 2-3 сағаттық жол. Облыста 430 мектеп болса, КТІИ қызметкерлерінің саны бар болғаны 60. Бұл мектептерде болып жатқан жағдай туралы ақпараттың жеткіліксіздігіне және балалар арасындағы құқық бұзушылықтар санынының өсуіне әсер етеді. Психологтардан немесе оқушылардан ақпаратты жедел алу, ішкі тергеу жүргізу және уақытылы шаралар қабылдау үшін КТІИ мектепте тұрақты болуы керек. Осыған байланысты әр мектепке жеке КТІИ бекіту немесе аймақтарға жергілікті бюджеттен қаржыландыру арқылы КТІИ қызметкерлерінің санын қажеттілікке сай арттыруға мүмкіндік беру қажет.
- Өңірлердегі жұмыс жергілікті жерлерде балалардың құқықтарын қорғауға және барлық қажетті шараларды үйлестіруге жауапты органның іс жүзінде жоқ екенін көрсетеді. Қазір мұндай бақылау функциялары бар және әрбір жағдай бойынша нәтижеге жұмыс істейтін орган жоқ. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия - комиссия, оның мүшелерінің негізгі жұмыстары бар. Қамқоршылық органдары білім басқармасының құрамына кіреді және көбінесе балалардың құқықтарын қорғауға қатысы жоқ білім беру жұмыстарына тартылады, сонымен қатар мектептерде болып жатқан жағдайды бақылай алмайды. Осыған байланысты (қамқоршылық органдарының қызметкерлері санын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысымызды ескере отырып) біз қазір қамқоршылық органын білім беру басқармасынан бөлек – балалардың құқықтарын қорғау департаменттері немесе басқармалары ретінде бөлу мәселесімен айналысып жатырмыз.
- Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қазір мектептер бұзушылықтар мен теріс үдерістерді мектептің/директордың имиджін сақтақ қалу үшін жасырады, өйткені кейін жазаланатын – өздері. Осыған байланысты әлеуметтік педагогтарды балалардың құқықтарын қорғау департаменттерінің/басқармаларының (құрылған жағдайда) қарамағына беру қажет. Бұл оларға мектеп ішіндегі балалардың құқықтарын қорғау органдарының «көзіне» айналып, әр баланың өмір сүру жағдайын зерттеп, қажет болған жағдайда отбасыны Отбасын қолдау орталықтарының бақылауына беруге, сондай-ақ анықталған сигналдар туралы жоғары тұрған органдарға хабарлауға мүмкіндік береді.
- Сондай-ақ қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны бойынша нормативтерін заңнамалық тұрғыда 1 қызметкерге 5 мың бала деп бекіту де өте маңызды. Қазір, мысалы, кейбір қалаларда 450 мың балаға бар болғаны 5 қызметкерден ғана келеді, яғни бір қызметкер 90 мың балаға жауапты. Бұл мәселе бойынша жұмыс өткен жылдың желтоқсан айынан бастап жүргізілуде, және мен Комитетпен және депутат Кучинская Ю. бірлесіп әзірлеген түзету қазіргі уақытта Үкіметтің қарауында.Халқымыздың үштен бір бөлігі – балалар. Сол себепті аталған шаралар басымдыққа ие. Үкімет пен әкімдіктердің қолдауымен оларды тездетіп енгіземіз деп үміттенемін.
"Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазірдің өзінде енгізіліп жатқан шаралар бар. Маусым айында күшіне енген жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік органдар мен әкімдіктермен бірлесіп, біз барлық аймақтарда отбасын қолдау орталықтарын ашумен айналысып жатырмыз. Мектептердегі буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу және оларды анықтау мақсатында Психологиялық қолдау орталықтары құрылды, KiVa атты буллингке қарсы бағдарлама енгізілуде (110 мектепте пилоттық негізде, кейін – елдегі барлық мектепте), сондай-ақ осы айдан бастап барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары енгізілуде", деп жазды жедел уәкіл.
Сонымен қатар, оның айтуынша, буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді, 111 Мемлекеттік байланыс орталығы ашылды. "Қазақстан халқына" ҚҚ және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ қолдауымен шағын спорт кешендері, сондай-ақ ірі спорт және шығармашылық нысандарын ашу жұмыстары жүріп жатыр.