Сенат отырысында 17 қазандағы өзінің депутаттық сауалында сенатор Жанна Асанова қазіргі уақытта алимент мөлшері ата-ананың жалақысының төрттен бір бөлігін ғана құрайтынын, бұл мөлшер балалар жағдайын жасауға жете бермейтінін айтты.
Депутаттың айтуынша, іс жүзінде кейбір ата-аналар құжаттарда ең төменгі жалақы - 85 мың теңгені көрсетеді. Осы жағынан алғанда, бір балаға айына төленетін алимент мөлшері 22 мың теңгені құрайды. Бұл, ең төменгі өмір сүру көрсеткішінен де төмен. Ал тәуелсіз сарапшылар Қазақстанда бір балаға айына кемінде 130 мың теңге керек деп есептеп жүр.
"Балалардың санын және олардың нақты қажеттіліктерін ескеруіміз керек. Сондай-ақ қазіргі заманғы жағдайларды ескере отырып, жас және әлеуметтік факторларға байланысты балалардың негізгі қажеттіліктерін талдауымыз, алимент төлемдерін төмендетпеу үшін жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған алимент төлеушілердің табыстарды жасыру фактілерін анықтау механизмін әзірлеу қажет", – деді Жанна Асанова.