Аталмыш техникалық регламент ҚР аумағында қолдану және пайдалану үшін халыққа техникалық су ретінде қайта пайдалану үшін әкімшілік, тұрғын үй ғимараттары мен коммуналдық объектілердің тіршілік және өндірістік қызметі барысында алынатын және (немесе) түзілетін техникалық суға қойылатын міндетті талаптарды белгілейді.
Осы техникалық регламент адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, жануарлар мен өсімдіктердің өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында әзірленді. Бұл техникалық регламент әкімшілік, тұрғын үй және коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектілердің тіршілік және өндірістік қызметі барысында түзілетін техникалық суға қолданылады және тек орталықтандырылған техникалық сумен жабдықтау жүйесі болған жағдайда ғана міндетті болып табылады.
Осы техникалық регламенттің техникалық реттеу объектілері:
- техникалық су;
- техникалық судың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты құрылыстар мен материалдар болып табылады.
Осы техникалық регламент:
- ауыз суға;
- бөтелкедегі суға;
- өнеркәсіптік объектілердің техникалық суына қолданылмайды.
Бұл ретте, осы техникалық регламентте көрсетілген техникалық су Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт шеңберінде айналымда болатын өнім болып табылмайды.
Техникалық сумен жабдықтауға арналған құрылғылар, жабдық, құбырлар мен резервуарлар техникалық сумен жабдықтауға жарамды материалдардан дайындалуға тиіс. Ішкі беттері тазалауды жеңілдету және бактериялардың өсуін болдырмау үшін тегіс болуға және мүмкіндігінше кеуексіз болуға тиіс.
Техникалық сумен жабдықтау жүйесінде қолданылатын технологиялық жабдық жарылыс қауіпсіздігі және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуға тиіс.
Техникалық сумен жабдықтау желілерін пайдаланатын ұйымдар олардың жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті. Техникалық сумен жабдықтау жүйелерін тазалау және жуу жылына бір реттен сиретпей жүргізілуге тиіс. Техникалық су құбырларындағы ақаулар (ағып кетулер, жарылулар) анықталған сәттен бастап 24 сағат ішінде жойылуға тиіс.
Сондай-ақ, техникалық судың қауіпсіздігі оның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ететін техникалық су дайындау технологияларын қолдану және өндірістік бақылау бағдарламаларын әзірлеу және орындау арқылы қамтамасыз етіледі.
Техникалық су осы техникалық регламентке қосымшаға сәйкес микробиологиялық, химиялық, радиациялық, токсикологиялық және физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуға тиіс.
Техникалық судың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бақылауды техникалық суды жеткізуші тұлғалардың өндірістік зертханалары немесе техникалық суды зерттеуді (сынауларды) орындауға белгіленген тәртіппен аккредиттелген өзге де зертханалар тоқсанына бір реттен сиретпей жүзеге асырады.
Орталықтандырылған техникалық сумен жабдықтау жүйелерінің жұмыс істеуінің бұзылуы, техникалық суды берудің белгіленген режимінің бұзылуы, авариялық жағдайлар, тұтынушылық қасиеттерінің нашарлауы және (немесе) берілетін техникалық судың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуі жағдайларында техникалық суды беретін шаруашылық субъектісі су тұтынушыларын техникалық сумен қамтамасыз ету және халық денсаулығына төнетін ықтимал қауіп-қатерді жою үшін қажетті жағдайды жою жөнінде, оның ішінде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін су алуды тоқтату, техникалық суды резервтік көздер мен техникалық сумен жабдықтау жүйелері арқылы қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
Орталықтандырылған техникалық сумен жабдықтау жүйесі құбырларды түспен таңбалау, тақтайшалар, жазбалар қолдану арқылы және техникалық суды беру жүйесінің барлық элементіне міндетті түрде белгі қою арқылы ішуге жарамсыз ретінде нақты белгіленуге тиіс.
Техникалық суды дайындау және беру процестеріне арналған техникалық құжаттаманы (ұйым стандарты, техникалық шарттар) оны пайдаланатын ұйымдар әзірлейді. Техникалық құжаттамада мыналар сипатталуға тиіс: суды тазарту рәсімі, реагенттерді мөлшерлеу, жұмыс режимдерін сақтау, бақылау нүктелері және өндірістік бақылау бағдарламасы.
Техникалық суға қатысты барлық таңбалау мен құжаттама мемлекеттік және орыс тілдерінде ресімделуге тиіс.
Бұйрық 2026 жылғы 8 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.