Әкімдіктердің бағалы қағаздар шығару тәртібі өзгерді
Фото: Zakon.kz
Атап айтқанда, құжаттың атауы былай жаңарды: "Астана, облыс, республикалық маңызы бар қала жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа шығару үшін бағалы қағаздарды шығару қағидаларын бекіту туралы".
Қағидалардың өзінде бірқатар ұғым нақтыланды.
Сонымен қатар облыстың жергілікті атқарушы органдары тек қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздардың эмитенттері болып табылатыны нақтыланды.
Астана, облыс, республикалық маңызы бар қала жергілікті атқарушы органының бағалы қағаздарды шығару талаптары, көлемі және нысаналы мақсаты Бюджет кодексінің 140-бабы 5-тармағына сәйкес айқындалады.
Бұл ретте жергілікті атқарушы органның қарыз алуы тиісті жергілікті атқарушы орган үшін белгіленген борыш лимитімен және оның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге бағытталатын жергілікті бюджет қаражатының көлемімен шектеледі.
Қағидаларға сәйкес, астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ішкі нарықта айналысқа шығаратын орта мерзімді, ұзақ мерзімді, орта мерзімді индекстелген және ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар, сондай-ақ қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыруға арналған мемлекеттік бағалы қағаздар купондық эмиссиялық бағалы қағаздар болып табылады. Олардың номиналды құны 1000 теңгені құрайды.
Орта мерзімді, ұзақ мерзімді, орта мерзімді индекстелген, ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар және жергілікті атқарушы органдар ішкі нарықта айналысқа шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша купон сомасын есептеу үшін есептік айда 30 күн, ал есептік жылда 360 күн есептік база ретінде алынады.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздардың айналыс мерзімі 20 жылға дейін болатыны нақтыланды.
Жергілікті атқарушы органдар шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу олардың номиналды құны бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте бағалы қағаздардың айналыс мерзімі ішінде оларды орналастыру кезінде белгіленген, купон деп аталатын сыйақы төленеді.
Қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа шығарылатын, айналыс мерзімі 5 жылға дейінгі мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша купон эмитент белгілеген күндері тиісті айналыс жылының ішінде жылына екі рет төленеді.
Ал айналыс мерзімі 5 жылдан 20 жылға дейінгі мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша купон эмитент белгілеген күндері тиісті айналыс жылының ішінде жылына бір рет төленеді.
Қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа шығарылатын мемлекеттік бағалы қағаздардың купон сомасы осы Қағидаларға қосымшаның 1-тармағына сәйкес орта мерзімді бағалы қағаздар бойынша купон сомасына ұқсас тәртіппен есептеледі.
Бұйрық 2026 жылғы 29 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.