Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-несиелік агенттік қызметі мәселелері бойынша өзгерістер күшіне енеді.
Заңмен Жер кодексіне, Кәсіпкерлік кодекске, Азаматтық іс жүргізу кодексіне, Әлеуметтік кодекске және Су кодексіне, сондай-ақ 23 заңға өзгерістер енгізілді.
Түзетулердің бірінші блогы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Заң көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың "қарапайым серіктестік" деген нысанын алып тастап, басқарудың тек екі түрін қалдырды: МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) және ТББ (тікелей бірлесіп басқару).
Елді мекендердің шегінде тұрғын үй қоры, газ және газбен жабдықтау салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына мемлекеттік бақылау енгізіледі. Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына да мемлекеттік бақылау және қадағалау енгізіледі.
Кондоминиум объектісін басқаруға пәтер, тұрғын емес үй-жайлар, автотұрақтар мен қойма иелерінің жарналарын төлеу тәртібі белгіленді.
Ағымдағы жарналар көлемі республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың өкілді органдары бекіткен кондоминиум объектісін басқаруға арналған ең төменгі жарна мөлшерінен төмен болмауы тиіс. Ағымдағы жарналар мөлшері пәтердің немесе тұрғын емес үй-жайдың пайдалы алаңына пропорционалды түрде белгіленеді.
Пәтер және тұрғын емес үй-жай иелерінің ағымдағы жарналары ағымдағы жөндеуге, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне коммуналдық қызметтер төлеуге жұмсалады.
Жинақ жарнасы – бұл пәтер, тұрғын емес үй-жай, автотұрақ, қойма иелерінің ортақ мүлікті күрделі жөндеуден өткізу үшін ақша жинауға арналған ай сайынғы міндетті жарналары, оның мөлшері – пайдалы алаңның бір шаршы метрі үшін кемінде 0,005 АЕК.
Мақсатты жарналарды жинау, олардың мөлшерін, мерзімін және басқа шарттарды меншік иелері жиналысында қабылданған шешім арқылы белгілейді.
Мақсатты жарналар пәтер, тұрғын емес үй-жай иелері басқару нысаны ретінде тікелей бірлесіп басқаруды таңдаған жағдайда, мүлік иелерінің бірлестігі немесе басқару субъектісінің ағымдағы шотына түседі.
Сондай-ақ, өзгерістер кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуді қаржыландырудың ерекшеліктерін айқындайды.
Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ақша жинау үшін мүлік иелері бірлестігінің төрағасы немесе басқару субъектісі он бес күнтізбелік күн ішінде екінші деңгейлі банктердің бірінен жинақ шот ашады.
Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге кеткен нақты шығындар барлық пәтер, тұрғын емес үй-жай, автотұрақ, қойма иелерімен олардың жекеменшігіндегі пайдалы алаңға пропорционалды түрде өтеледі.
Егер көппәтерлі тұрғын үйдің бір подъезіндегі лифтіні ауыстыру (жөндеу) бюджеттік қаражат есебінен, бірақ пәтер иелерінің кейін қайтару шартымен қаржыландырылатын болса, онда осы подъездің пәтер және тұрғын емес үй-жай иелері жалпы иелер санының үштен екісі келісім берген жағдайда, лифтіні ауыстыру (жөндеу) туралы шешімді жиналыс хаттамасы арқылы қабылдай алады.
Түзетулердің екінші блогы салық заңнамасына қатысты.
Заң сонымен қатар декларациялау мәселелерінде құқықтық анықтығын арттыруға және Салық кодексіне сілтемелік нормаларды өзектендіруге бағытталған өзге де түзетулерді қамтиды.
Қылмыстық жауапкершілік
Қазақстанда бірнеше жаңа қылмыс құрамдары енгізіледі.
Атап айтқанда, қылмыстық жауапкершілік мына әрекеттер үшін белгіленеді:
- Сталкинг – адамның еркінен тыс байланыс орнатуға немесе аңдуға бағытталған, зорлықпен байланысты емес, бірақ елеулі зиян келтірген әрекеттер. Жаза: 200 АЕК-ке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейін қамау.
- Неке қиюға мәжбүрлеу – зорлық, мүлікті жою немесе бүлдіру, шантаж (жәбірленушіге немесе оның жақындарына қатысты масқара мәліметтерді жариялау қатерімен) арқылы. Жаза: 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не бас бостандығынан айыру.
- Банктік немесе микрокаржылық қызметті заңсыз жүргізу – 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеумен немесе онсыз.
- Коллекторлық қызметті заңсыз жүргізу – жоғарыдағы жаза түрлерінің бірімен.
- Банк шотына, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына заңсыз қол жеткізу, төлемдер немесе ақша аударымдарын заңсыз жүргізу – 160 АЕК-ке дейін айыппұл, не түзету жұмыстары, не 50 тәулікке дейін қамау, мүлікті тәркілеумен немесе онсыз.
- Құжатсыз мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау, сақтау, өткізу, қайта өңдеу – 160 АЕК-ке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, не 40 тәулікке дейін қамау.
- Сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің бөліктері мен туындыларын заңсыз айналымға енгізу – 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, не 500 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу, сондай-ақ 3 жылға дейін белгілі бір лауазымды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айыру мүмкін.
- Әуе кемесін басқаруға кедергі келтіру – 200 АЕК-ке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, не 50 тәулікке дейін қамау.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің басқа баптарына да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қоғамдық жұмыстар
1 қыркүйектен бастап қазақстандықтар әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте (ӘҚБтК) жаңа 49-1-бап – "Қоғамдық жұмыстар" пайда болды.
Қоғамдық жұмыстар сотпен жеке тұлғаларға қолданылады және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жеке тұлғаның келісімі болған жағдайда тағайындалады.
Қоғамдық жұмыстар – әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамның белгілі бір біліктілікті талап етпейтін, жергілікті атқарушы органдармен ұйымдастырылатын, тұрақты тұратын жеріндегі қоғамдық орындарда орындалатын ақысыз қоғамдық пайдалы жұмыстарын білдіреді.
Қоғамдық жұмыстар сағатпен есептеледі және 10-нан 100 сағатқа дейінгі мерзімге тағайындалады.
Қоғамдық жұмыстар күніне 1 сағаттан кем емес және 4 сағаттан артық емес көлемде орындалуы тиіс.
Қоғамдық жұмыстар жұмыс уақытынан және оқу уақытынан тыс мезгілде орындалады.
Тұрақты жұмыс орны жоқ және оқу орындарында оқымайтын тұлғалар қоғамдық жұмыстарды күніне 1 сағаттан кем емес және 8 сағаттан артық емес, бірақ аптасына 40 сағаттан аспайтындай орындауы тиіс.
Қоғамдық жұмыстарды орындаудың жалпы ұзақтығы төрт айдан аспауы тиіс.
Қоғамдық жұмыстар келесі тұлғаларға қолданылмайды:
- жүкті әйелдерге;
- үш жасқа дейінгі кішкентай балалары бар әйелдерге;
- үш жасқа дейінгі кішкентай балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға;
- он сегіз жасқа толмағандарға;
- бірінші немесе екінші топ мүгедектігі бар адамдарға;
- 58 жастағы және одан асқан әйелдерге;
- 63 жастағы және одан асқан ер адамдарға;
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға.
Қоғамдық жұмыстар келесі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін тағайындалуы мүмкін:
- отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер (73-бап);
- ұсақ бұзақылық (434-бап);
- алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру (440-бап);
- ортақ пайдаланылатын орындарды ластау (434-2-бап);
- қоғамдық орындарда мазалау (449-бап) және басқа да құқық бұзушылықтар.
1 қыркүйектен бастап ауданның (қалалық аудан), аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі ӘҚБтК-де белгіленген тәртіппен әкімшілік жазаға тартылған тұлғалар үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады.
Неке және отбасы
Неке бұзудың жаңа негізі енгізілді
16 қыркүйектен бастап "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске толықтыру енгізілді.
Енді ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балаларының бар-жоғына қарамастан, егер жұбайлардың бірі үш жылдан астам уақыт бойы халықаралық іздеуде жүрген болса (қылмыстық қудалау органы соттың санкциясымен халықаралық іздеуге жариялаған күнінен бастап), екінші жұбайдың өтініші бойынша тіркеуші органдарда неке бұзылады.
Білім беру және ғылым
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда мектептерде жаңа тамақтану стандарттары енгізілді
Жаңа тәсіл балаларды теңгерімді, қауіпсіз және пайдалы тағаммен қамтамасыз етуге, қазіргі заманғы денсаулық және даму талаптарына сәйкес болуға бағытталған.
Білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастыру модельдері мыналар:
- Монопрофильді мәзір (стандартты мәзір) – бір ғана тағамдар жиынтығы қарастырылған, тұтынушылардың өз бетінше тағам нұсқасын таңдауына мүмкіндік бермейді.
- Мультипрофильді мәзір – бірнеше тағам жиынтығын қамтиды, тұтынушының өз бетінше таңдауына мүмкіндік береді (мысалы, "швед үстелі", "ланч-бокс"). Тағамдарды беру асхана (тамақ блогы) қызметкері арқылы жүзеге асырылады.
"Швед үстелі" моделі – білім беру ұйымының таңдауы бойынша қолданылады және балабақшаларға қолданылмайды. "Ланч-бокс" моделі – шағын жинақты мектептерде және тамақ блогы жоқ білім беру ұйымдарында қолданылады.
Жаңа мектептік тамақтану стандарты рационды сауықтыруға бағытталған: қант, тұз, өңделген өнімдердің мөлшері азайтылады; көкөністер, жемістер, дәнді дақылдар, ақуыздар мен сүт өнімдерінің үлесі көбейтіледі.
Құжатта мектеп буфеттерінде сатуға рұқсат етілген тағамдар мен өнімдердің тізімі бар: бутербродтар, салаттар, көкөністер, жемістер, газдалмаған су, шай және т.б.
Сонымен қатар, мектептерде дайындауға және сатуға тыйым салынған өнімдер мен тағамдардың тізімі анықталған. Мысалы: фарш салынған құймақтар, саңырауқұлақтар, окрошка, фаст-фуд: гамбургер, хот-дог, пицца, наггетс, чипсы, дәмдеуіш қосылған тұзды кептірілген нандар, кофе және кофелі сусындар, шала пісірілген жұмыртқа, көз жұмыртқа (яичница-глазунья), омлет және т.б.
1 қыркүйектен бастап оқушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу (БЖМ) тәртібі өзгерді:
Енді БЖМ жүргізілетін ұйымдар тізімінен өткен оқу жылы ішінде БЖМ-ге қатысқан ұйымдар алынып тасталады (бұрын "өткен оқу жылдары" делінген).
БЖМ нәтижелері оны өткізген күннен бастап үш ай ішінде білім басқармаларына жолданады, бірақ құқықтық салдары жоқ.
Білім басқармалары БЖМ қорытындылары бойынша әдістемелік ұсынымдарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді және оны келесі жылдың 15 қаңтарына дейін аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне жолдайды.
Аумақтық департаменттер білім басқармаларының осы Жоспарды орындауын мониторингтейді және келесі жылдың 30 желтоқсанына дейін уәкілетті органға ақпарат береді.
Бұған дейін әскери қызметшілерге төлем жасау ережелері өзгергенін жазғанбыз.