Кездесу барысында түнгі клубтарда, барлар мен кафелерде есірткі құралдары мен психотроптық заттардың таралуына жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылып, мұндай құқық бұзушылықтар үшін қолданыстағы заңнамада көзделген жауапкершілік кеңінен түсіндірілді, деп хабарлайды 2026 жылғы 7 ақпанда ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Іс-шара аясында қатысушыларға алдын алу бағытындағы әлеуметтік бейнероликтер, сондай-ақ ойын-сауық орындарында тіркелген нақты ұстау деректері көрсетілген бейнематериалдар ұсынылды. Бизнес өкілдеріне келушілер үшін де, мекемелердің өздері үшін де туындайтын құқықтық салдарлар жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар полиция мен мекеме әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл, күмәнді жағдайлар туралы уақтылы хабарлау және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірлескен шараларды әзірлеу мәселелері талқыланды.
"Ойын-сауық орындары — адамдар көп шоғырланатын мекендер. Сондықтан мұнда қауіпсіздік мәселесі әрдайым бірінші орында тұруы тиіс. Біздің басты мақсатымыз — алдын алу. Біз мекеме иелері мен қызметкерлерімен тығыз әріптестік орнатып, есірткінің таралуына жол бермей, қала тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейміз", — деді Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Кездесу соңында ашық форматтағы пікір алмасу өтіп, тараптар өзекті мәселелерді талқылап, бірлескен профилактикалық жұмысты жалғастыру жөнінде уағдаласты.
Бұған дейін СҚО-да жас жігіттен "синтетика" тәркіленгенін жазғанбыз.