Қоршаған ортаның жай-күйін қашықтан бақылау қағидалары бекітілді
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Қағидалар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелеріне, сондай-ақ өздеріне қатысты қашықтан бақылау жүргізілген I және II санаттағы объектілердің операторларына қолданылады.
Қашықтан бақылау нәтижелерін есепке алу үшін мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлға Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне (ҚОТЖ ҰДБ) анықталған заңбұзушылықтар мен оларды растайтын материалдар туралы мәліметтерді енгізеді. Енгізілген ақпарат негізінде жүйеде қашықтан бақылау нәтижелерін есепке алу карточкасы автоматты түрде қалыптастырылады.
Есепке алу нысанын толтыру кезінде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
- есепке алу карточкасының тіркеу нөмірі;
- жасалған жері;
- қорытынды құжаттың жасалған күні мен уақыты;
- мемлекеттік органның атауы;
- қашықтан бақылау жүргізген лауазымды тұлғаның аты-жөні мен қызметі;
- объект операторының атауы;
- объект операторының бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) немесе жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), бар болған жағдайда;
- бақылау объектісі;
- объектінің орналасқан жері;
- растайтын құжаттар қоса берілген ақпарат көздері;
- анықталған заңбұзушылықтардың сипаты;
- Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының бұзылған нормасы, заңбұзушылық дәрежесі және оны анықтауға негіз болған тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарының тиісті ережелері;
- ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес айқындалған заңбұзушылықтарды жою жөніндегі талаптар мен оларды орындау мерзімдері;
- қорытынды электрондық құжатқа электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қойылғаны туралы мәліметтер.
ҚОТЖ ҰДБ-ға енгізілген есептік мәліметтер негізінде заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама немесе қашықтан бақылау нәтижелері туралы акт автоматты түрде қалыптастырылады. Құжаттың түрі лауазымды тұлға көрсеткен анықталған заңбұзушылықтың дәрежесіне қарай жүйе арқылы айқындалады.
Қалыптастырылған құжатқа қашықтан бақылау жүргізген лауазымды тұлға ЭЦҚ арқылы қол қояды. Қол қойылған құжат пен оны растайтын материалдар есепке алу карточкасына тіркеледі. Ал құжатқа қол қойылғаны туралы мәліметтер есепке алу нысанында автоматты түрде көрсетіледі.
Есепке алу карточкасы қалыптастырылған кезде оған автоматты түрде тіркеу нөмірі беріледі. Бұл нөмір ҚОТЖ ҰДБ жүйесінде жасалатын заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың немесе қашықтан бақылау нәтижелері туралы актінің нөмірі ретінде пайдаланылады.
Құжаттың жасалған күні мен уақыты оған ЭЦҚ қойылғанға дейін автоматты түрде тіркеледі. Қол қойылғаннан кейін құжат пен есепке алу карточкасы ҚОТЖ ҰДБ жүйесінде сақталады.
Бұйрық 2026 жылғы 27 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.