Денсаулық сақтау жүйесіне кадр қажеттілігін айқындау қағидалары бекітілді

Обязательное социальное медицинское страхование, медицинское страхование, медицинская страховка, ОСМС, врач, врачи, доктор, доктора, медик, медики, медицина, здравоохранение, медстрахование, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.10.2026 16:56 Фото: Zakon.kz
Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 30 қыркүйектегі бұйрығымен денсаулық сақтау саласындағы кадрларға қажеттілікті және медициналық мамандықтар бойынша оқуға қабылдау көлемін айқындау қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидалар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдар даярлайтын денсаулық сақтау саласындағы кадрларға қажеттілікті айқындауға және медициналық мамандықтар бойынша оқуға қабылдау көлемін белгілеуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

Денсаулық сақтау саласындағы кадрларға қажеттілікті Ұлттық үйлестіруші кадрлық жағдайды талдау негізінде қысқа, орта және ұзақ мерзімді болжам кезеңдеріне медициналық кадрларға сандық және сапалық қажеттілікті есептеу арқылы айқындайды:

  • қысқа мерзімді кезең – 1 жыл;
  • орта мерзімді кезең – болжам қалыптастырылатын жылды қоса алғанда, кемінде алты жыл;
  • ұзақ мерзімді кезең – болжам қалыптастырылатын жылды қоса алғанда, 2050 жылға дейін.

Қысқа және орта мерзімді болжам не үшін пайдаланылады? Олар:

  • медициналық кадрларды даярлауды жоспарлауға; мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға;
  • денсаулық сақтау саласындағы жаңа және жаңғыртылатын нысандарды кадрлармен қамтамасыз етуді жоспарлауға;
  • кадрларды қайта бөлу және қайта даярлау қажеттілігін анықтауға; кадр тапшылығын азайту шараларын әзірлеуге пайдаланылады.

Ал ұзақ мерзімді болжам кадр саясатын, денсаулық сақтау инфрақұрылымы мен білім беру мүмкіндіктерін дамытуға, сондай-ақ демографиялық өзгерістер мен медициналық технологияларды енгізудің салдарын бағалауға қолданылады.

Кадр қажеттілігі қалай болжанады?

Кадрларға қажеттілік болжамы мына факторларды ескере отырып, кадр саясатын стратегиялық жоспарлау үшін пайдаланылады:

  • демографиялық өзгерістер;
  • аурушаңдық құрылымының өзгеруі;
  • медициналық технологиялардың дамуы;
  • медициналық көмек көрсету моделінің өзгеруі;
  • денсаулық сақтау инфрақұрылымының дамуы;
  • медициналық кәсіптердің құрылымы, мазмұны мен құзыреттерінің өзгеруі.

Кадрларға қажеттілік республикалық және өңірлік деңгейде медициналық қызметкерлер санаты, мамандықтары және медициналық көмек көрсету деңгейі бойынша айқындалады.

Қажеттілікті анықтау үшін денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік цифрлық жүйелердің, мемлекеттік статистикалық есептілік нысандарының, Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесінің (кәсіптік тіркелім), медициналық ұйымдардың цифрлық ресурстары мен есептік деректерінің, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен статистика саласындағы уәкілетті органның деректері пайдаланылады.

Сонымен қатар заңмен алуға тыйым салынбаған өзге де ақпарат ескеріледі.

Қандай көрсеткіштер есепке алынады?

Кадр қажеттілігін есептеу кезінде:

  • халықтың болжамды саны;
  • халықтың жыныстық және жас ерекшеліктері бойынша құрылымы;
  • туу және өлім көрсеткіштері;
  • аурушаңдық және аурулардың таралу көрсеткіштері; халықтың медициналық көмекке болжамды қажеттілігі;
  • медициналық көмектің көлемі мен құрылымы;
  • қабылдау, ауруханаға жатқызу, операция, диагностикалық, профилактикалық, оңалту және басқа да медициналық қызметтер саны;
  • денсаулық сақтау ұйымдары желісінің құрылымы мен қуаты;
  • қолданыстағы және жоспарланатын денсаулық сақтау нысандары;
  • өңірлердің медициналық қызметкерлермен қамтамасыз етілу нормативтері;
  • жүктеменің нормативтері мен ұсынылатын көрсеткіштері;
  • медицина қызметкерлерінің нақты жұмыс уақыты;
  • жұмыс уақыты мен медициналық қызмет көрсету ұзақтығы;
  • нақты жұмыспен қамтылу және қоса атқару коэффициенті;
  • дәрігерлер, мейіргерлер, кеңейтілген практикадағы мейіргерлер және басқа да қызметкерлер санаттары арасында функциялардың бөлінуі;
  • өңірлік ерекшеліктер мен медициналық көмектің аумақтық қолжетімділігі; халықтың тығыздығы;
  • қала және ауыл халқының арақатынасы;
  • медициналық көмектің көлік тұрғысынан қолжетімділігі;
  • жаңа технологияларды енгізу және медициналық көмек көрсету моделінің өзгеруі ескеріледі.

Халық тығыздығы төмен және тұрғындар аумақ бойынша кең орналасқан өңірлерде денсаулық сақтау саласындағы кадрларға қажеттілік қызмет көрсетілетін халық санына қарамастан, медициналық көмектің аумақтық қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріле отырып айқындалады.

Кадр даярлау қажеттілігін анықтау үшін кадрларға қажеттілік медициналық кадрлардың болжамды санымен салыстырылады. Осы салыстыру нәтижесінде кадр тапшылығы анықталады.

Егер белгілі бір мамандық бойынша кадрлардың болжамды профициті анықталса, стратегиялық құжаттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, оқуға қабылдау көлемі қысқартылады немесе мүлдем қалыптастырылмайды.

Жиынтық нәтижелер медициналық қызметкерлердің санаттары мен мамандықтары бойынша республика және өңірлер бөлінісінде қалыптастырылады.

Бастапқы деректердің сапасы, толықтығы және уақыттық қатары ескеріле отырып, Ұлттық үйлестіруші жыл сайын денсаулық сақтау саласындағы кадрларға жиынтық қажеттілікті қалыптастырып, оны тиісті қаржы жылының 1 сәуіріне дейін уәкілетті органға ұсынады.

Ұлттық үйлестіруші өткен кезеңдегі көрсеткіштердің нақты мәндерін ескере отырып, кадр қажеттілігі нәтижелерін жыл сайын қайта қарайды.

Кадрларға қажеттілікті айқындау медициналық мамандықтар бойынша оқуға қабылдау көлемін қалыптастыруға негіз болады.

Құжатта медициналық мамандықтар бойынша оқуға қабылдау көлемін есептеу тәртібі де белгіленген.

Бұйрық 2026 жылғы 18 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: