Қазақстандықтар шетелде тұрса да зейнетақы төлемдерін алуға құқылы – Конституциялық сот

Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Конституциялық сот Әлеуметтік кодекс нормалары мен зейнетақы төлемдерін тағайындау қағидаларының Конституцияға сәйкестігін тексерді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Істің мәні

Конституциялық сотқа Әлеуметтік кодекстің 196-бабының 1-тармағын, 202-бабының 2-тармағын, 204-бабының 3-тармағының 2) тармақшасын және Қағидалардың 5-тармағының бесінші бөлігін конституциялық емес деп тану туралы сот ұсынысы түсті.

Соттың пікірінше, аталған нормалар Қазақстан Республикасы азаматының әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты конституциялық құқығын шектейді. Өйткені олар мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мен жасына байланысты зейнетақы төлемін алу құқығын азаматтың Қазақстан аумағында тұрақты тұру фактісіне тәуелді етеді.

Конституциялық сот нені анықтады

Зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде азаматтың ел аумағында тұру фактісі белгіленген тәртіпті реттеу мақсатында ескерілуі мүмкін. Алайда бұл жағдай Қазақстан азаматының зейнетақымен қамсыздандырылу құқығының болуы үшін міндетті шарт ретінде қарастырылмауы тиіс.

Конституциялық сот Әлеуметтік кодекстің бұрын тағайындалған зейнетақыны толық тоқтатуға немесе азаматқа тек оның елден тыс жерде тұрақты тұруына байланысты зейнетақы тағайындаудан бас тартуға мүмкіндік беретін нормалары азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері көлемінде негізсіз айырмашылыққа әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл олардың әлеуметтік қамсыздандырудан нақты айырылуына және конституциялық кепілдіктің шынайы мазмұнының жойылуына соқтыруы ықтимал.

Қазақстан азаматтары елден тыс жерге тұрақты тұруға кеткен жағдайда өз азаматтығынан айырылмайды. Сондықтан олар жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қатысты барлық конституциялық құқықтары мен кепілдіктерін сақтайды.

Кодекстің 202-бабының 2-тармағы мен 204-бабының 3-тармағының 2) тармақшасы жасына байланысты зейнетақы мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін төлеу мерзімін, сондай-ақ алушының Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткені анықталған жағдайда оларды тоқтату тәртібін айқындайды.

Бұл нормаларда алушының елден тыс жерге тұрақты тұруға көшу фактісі тек осындай талап қойылатын тұлғаларға қатысты ғана зейнетақы төлемдерін тоқтатуға заңды негіз болып саналады.

Осы түсіндірме негізінде Конституциялық сот Кодекстің 202-бабының 2-тармағы мен 204-бабы 3-тармағының 2) тармақшасының Конституция нормаларына қайшы келмейтінін мәлімдеді.

Конституциялық сот қандай шешім қабылдады

Конституциялық сот Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 196-бабының 1-тармағын төмендегідей түсіндіру негізінде Конституцияға сәйкес деп таныды:

мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мен жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау және алу құқығын жүзеге асыру кезінде, егер Қазақстан Республикасының азаматы заңда белгіленген өзге де барлық талаптарға сай келсе, оған Қазақстан аумағында тұрақты тұру талабы қойылмайды.

Сондай-ақ Конституцияға сәйкес деп Әлеуметтік кодекстің 202-бабының 2-тармағы мен 204-бабы 3-тармағының 2) тармақшасы төмендегідей түсіндірумен танылды:

зейнетақы төлемдерін алушының елден тыс жерге тұрақты тұруға кету фактісі заңдық маңызға ие және мұндай төлемдерді тағайындау кезінде осындай талап қойылатын тұлғаларға қатысты ғана төлемдердің тоқтатылуына негіз болады, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе.

Бұдан бөлек, Конституциялық сот жоғарыда келтірілген түсіндірмелерді ескере отырып, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мен жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу (айқындау), тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау туралы шешімді (немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешімді) қайта қарау қағидаларының 5-тармағының бесінші бөлігін де Конституцияға сәйкес деп таныды.

Үкіметке осы нормативтік қаулы жарияланған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес Әлеуметтік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеу ұсынылды.

Нормативтік қаулы 18 мамырдан бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға міндетті болып табылады, түпкілікті саналады және шағымдануға жатпайды.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Мені кісі өлтіруге мәжбүрледі": Атыраудағы қанды қылмысқа күдікті Сәрсемәлиев сотта мәлімдеме жасады

Алматы әуежайы уақытша бір кіреберісін жабады

"Үсік жүреді". Қазақстанның барлық дерлік өңірінде дауылды ескерту жарияланды

ШҚО-да ауруханада өзін агрессивті ұстап, тәртіп сақшыларын балағаттаған ер адам жауапқа тартылды

Талдықорғанда студентті мектеп оқушысы пышақтап өлтірді