ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер адам өзін агрессивті ұстап, айналасындағыларға балағат сөздер айтқан. Сондай-ақ ол шыны витринаны жұдырығымен ұрып, сындырған.
"Сынған әйнек жақын маңда тұрған бюро қызметкерлерінің үстіне түскен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Көлік полицейлері құқық бұзушыны тексеру үшін полиция бөлмесіне жеткізді. Ол Қазақстан аумағында тұратын, Арыс қаласындағы жекеменшік компаниялардың бірінде жұмыс істейтін 32 жастағы Канада азаматы болып шықты. Тексеру нәтижесінде шетел азаматы қоғамдық орында мас күйінде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды", делінген хабарламада.
Көліктегі полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген құқыққа қайшы әрекеттер қатаң түрде тоқтатылатынын ескертіп, азаматтарды заң мен тәртіпті сақтауға шақырды.