Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жолдың жүріс бөлігінде, аулаларда және тар өткелдерде қалдырылған көліктер коммуналдық қызметтердің жұмысына кедергі келтіріп қана қоймай, жедел қызметтердің уақытылы жетуіне де бөгет жасайды.
"Мәселен, Байзақов көшесіндегі тұрғын үйдің тұрғындары полицияға кіреберіс жолын бөгеп тұрған автокөлікке қатысты шағымданған. Осындай құқық бұзушылықты Набережная көшесіндегі үйге кіретін жолды Lexus маркалы автокөлігімен жауып қойған жүргізуші де жасаған. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартты", делінген полиция хабарламасында.
Айта кету керек, 2026 жылдың өткен кезеңінде облыс бойынша автокөлікті дұрыс қоймағаны үшін 1918 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтарды жауапкершілік танытып, көлік құралдарын рұқсат етілмеген орындарға қалдырмауға шақырады. Заңсыз автотұрақ үшін салынатын айыппұлдар – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара екенін есте ұстаған жөн.
Бұған дейін көлік іші 60 градусқа дейін қызуы мүмкін екенін ескертіп, ТЖМ мәлімдеме жасаған болатын.