Қосшы қаласының полиция бөліміне алаяқтық дерегі бойынша арыз түскен. Алдын ала мәліметтер бойынша, жергілікті тұрғынға Қытай университетіне түсуге көмектесуге уәде берген бейтаныс ер адам оның 1,7 миллион теңге қаржысын иемденіп, іс-түссіз кеткен.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бір жыл бұрын Қосшы қаласында шығармашылық мектеп ашқан Шығыс Қазақстан облысының 31 жастағы тұрғыны анықталды. Содан кейін ол жергілікті тұрғындарға балаларын Қытай университеттеріне оқуға түсіру мүмкіндігі барын айтып, ұсыныс жасаған. Бағдарламаға қатысу үшін олар ақшалай жарна төлеуі тиіс болған. Осыдан кейін олар бір жылдан соң Қытайдың жоғары оқу орындарының біріне түсе алатыны айтылған", деп хабарлады Ақмола облысы ПД.
Кейін полицияға осындай жағдайға тап болған тағы екі адам арызбен жүгінді. Осылайша, келтірілген жалпы алдын ала шығын көлемі шамамен 4 миллион теңгені құрады.
Қазіргі уақытта полицейлер болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтап, күдіктінің басқа да осындай қылмыстық эпизодтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша оның әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.