Аталған оқиға 2026 жылғы 16 қазанда сағат шамамен 16:37-де Алматы – Екатеринбург тас жолының 618-шақырымында, Балқаш – Алматы бағытында болған. Әйел адам тізгіндеген ақ түсті Lada Priora көлігінің дөңгелегінен жолда жатқан қатты зат ұшып шыққан.
Аталған зат сол жолақпен бір бағытта, яғни Lada Priora артында келе жатқан Kia Seltos-тың капотын зақымдап, алдыңғы әйнегін тесіп өткен.
"Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық соты ӘҚБтК-нің 147-1-бабының 1-бөлігінде көзделген бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бойынша қозғалған істі қарады. Алайда сот әйелдің кінәсін айқындайтын дәлел таппады. Сондықтан оған қатысты іс жүргізу оның әрекеттерінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", делінген сот хабарламасында.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Таразда полицейлер алдымен қымбат жол талғамайтын көлікпен қашқан жүргізушіні қуып жүріп ұстап, кейін оны сотқа мәжбүрлеп жеткізгені хабарланған.