Электр энергиясын пайдалану қағидаларына бірқатар түзету енгізілді.
Электр желісіне қосылу үшін электр энергиясын беру немесе өндіру ұйымы көппәтерлі тұрғын үйлерде тұратын тұтынушыларды қоспағанда, әрбір тұтынушыға техникалық шарттар береді.
Көппәтерлі тұрғын үйлерде тұратын тұтынушыларды электр желісіне қосу үшін электр энергиясын беру (өндіру) ұйымы техникалық шарттарды кондоминиум объектісін басқару органының уәкілетті өкіліне береді.
Құрылыс кодексінің 120-бабының 15-тармағына сәйкес бекітілетін құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында көзделген жағдайларда техникалық шарттарды беру тәртібі аталған қағидалармен айқындалатыны нақтыланды.
Электр энергиясын беру немесе өндіру ұйымдары цифрлық майнинг қызметімен айналысатын тұлғаларға электр желісіне қосылу үшін техникалық шарттар берген кезде бұл туралы жүйелік операторға техникалық шарттар берілген күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде хабарлауға міндетті.
Қағидаларға жаңа норма енгізілді:
Тұтынушыны сыртқы электрмен жабдықтау схемасының қолданылу мерзімі келісілген күннен бастап 3 жылды құрайды.
Электр энергиясын беру немесе өндіру ұйымы тұтынушыдан еркін нысанда өтініш алғаннан кейін жаңадан іске қосылатын немесе реконструкцияланатын электр қондырғыларын қосуға арналған техникалық шарттарды мына мерзімдерде береді:
- техникалық жағынан күрделі емес объектілер үшін – 5 жұмыс күні ішінде;
- техникалық жағынан күрделі объектілер үшін – 10 жұмыс күні ішінде.
Табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосылуға немесе реттелетін қызмет көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттар жобалау мен құрылыс жұмыстарының нормативтік мерзіміне беріледі және сәулет және қала құрылысы органдары тарапынан мемлекеттік қала құрылысы кадастрына ұсынылады.
Электр желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттар жобалау үшін 1 жылға беріледі.
Егер жобалаудың нормативтік ұзақтығы 1 жылдан асса, жобалау жұмыстарының басталғанын растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда техникалық шарттардың қолданылу мерзімі тиісті кезеңге ұзартылады.
Жобалауға арналған техникалық шарттардың қолданылу мерзімі бір реттен артық ұзартылмайды.
Техникалық шарттардың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін жобалау жұмыстары аяқталмаса, олар жарамсыз деп танылады.
Егер жобалау белгіленген мерзімде аяқталса, құрылыс жүргізу үшін техникалық шарттардың қолданылу мерзімі 2 жылға ұзартылады.
Құрылысы басталған объектілер бойынша техникалық шарттардың қолданылу мерзімі меншік иесінің өтініші негізінде, олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін және құрылыс жұмыстарының басталғанын растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда ұзартылады.
Техникалық шарттар орындалғаннан кейін тұтынушы мен электр энергиясын беру ұйымы арасында электр желілерінің баланстық тиесілігін және тараптардың пайдалану жауапкершілігін ажырату актісі жасалады. Оған тұтынушының қосылу схемасы қоса беріледі.
Кондоминиум құрамындағы тұтынушылар үшін электр желілерінің баланстық тиесілігін және тараптардың пайдалану жауапкершілігін ажырату актісін электр энергиясын беру ұйымы мен мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасы немесе үй кеңесі жасайды. Бұл тәртіп пәтер және тұрғын емес үй-жайлар меншік иелері кондоминиум объектісін тікелей бірлесіп басқару нысанын таңдаған жағдайда қолданылады.
Техникалық шарттарды беру және қайта рәсімдеу үшін ақы алынбайды.
Егер тұтынушы техникалық шарттарда көрсетілген талаптармен келіспесе, энергетикалық сараптама жүргізу үшін сараптама ұйымына жүгіне алады. Тұтынушының өтініші бойынша сараптама ұйымы электр энергиясын беру ұйымына жүгінген жағдайда, соңғысы сұратылған барлық мәліметті ұсынуға міндетті.
Техникалық шарттарда көрсетілген талаптардың негізсіз екені туралы энергетикалық сараптама қорытындысы негізінде тұтынушы электр энергиясын беру ұйымына техникалық шарттар алу үшін еркін нысанда қайта өтініш береді.
Егер техникалық шарттарда көрсетілген талаптарды өзгертуге қайтадан бас тартылса, тұтынушы электр энергиясын беру ұйымының әрекеттеріне Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте (ӘРПК) белгіленген тәртіппен шағымдана алады.
Тұтынушыларға орнатылатын электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдары тұтынылған электр энергиясының көлемі туралы деректерді электр энергиясын беру ұйымының автоматтандырылған коммерциялық есепке алу жүйесіне (АКЕЖ) жіберетін құрылғылармен жабдықталады.
Жаңадан салынып жатқан немесе реконструкцияланатын объектілерде АКЕЖ мақсаттары үшін электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарын орнату тұтынушының есебінен жүргізіледі.
Ал бұрын орнатылған есепке алу құралдарын ауыстыру электр энергиясын беру ұйымының есебінен жүзеге асырылады. Бұл норма электр энергиясын беру тарифіне енгізілген жағдайда қолданылады.
Тұтынушылар электр энергиясын беру ұйымының өкілдеріне бұрын орнатылған коммерциялық есепке алу құралдарын тұтынылған электр энергиясының көлемі туралы деректерді АКЕЖ-ге жіберетін құрылғылармен жабдықталған есептеу құралдарына ауыстыру үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
Егер коммерциялық есепке алудың бұзылғаны анықталса және оған тұтынушы кінәлі болмаса (есепке алу құралының пломбалары бүтін әрі алдыңғы орнату немесе аспаптық тексеру актісінде көрсетілген талаптарға сәйкес болған жағдайда), электр энергиясын тұтыну көлемі есепке алу құралдары мен схемасы дұрыс жұмыс істеген алдыңғы немесе кейінгі есептік кезеңнің орташа тәуліктік шығыны бойынша есептеледі.
Есептеу кезеңі бұзушылық анықталған күннен бастап коммерциялық есепке алу қалпына келтірілген күнге дейінгі уақытты қамтиды, бірақ 30 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Тұтынушы коммерциялық есепке алуды бұзушылық анықталған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде қалпына келтіреді.
Егер осы мерзім өткеннен кейін коммерциялық есепке алу қалпына келтірілмесе, электр энергиясын беру ұйымы тұтынушыға электр энергиясын беруді тоқтатады немесе тұтынушының жазбаша келісімі болған жағдайда, техникалық шарттарға сәйкес рұқсат етілген қуат бойынша есеп жүргізеді. Техникалық шарттар болмаған жағдайда кіріс коммутациялық аппаратының номиналды тогы ескеріледі және электр энергиясын пайдалану уақыты тәулігіне 24 сағат деп есептеледі.
Бұл ретте электр энергиясын беру ұйымы тұтынушыдан пломбалау туралы өтінім түскен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралын пломбалауға міндетті.
Тұтынушылар өтінімді жазбаша түрде еркін нысанда бере алады. Сондай-ақ өтінімді телефон байланысы арқылы ауызша беруге рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда өтінімді электр энергиясын беру ұйымы тіркейді.
Құжатта көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты да өзгерістер қарастырылған.
Мәселен, тұрғындар тұтынушының қағидалар талаптарын бұзғанын анықтаған жағдайда, мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасы, үй кеңесі немесе кондоминиум объектісін басқару субъектісі электр энергиясын беру ұйымына аталған тұтынушының коммерциялық есепке алу құралын аспаптық тексеруден өткізу туралы еркін нысанда өтінім жолдайды.
Бұзушылық расталған жағдайда электр энергиясын беру ұйымы қағидалардың 66-тармағында көзделген шараларды қабылдайды.
Көппәтерлі тұрғын үйлерде мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасы, үй кеңесі немесе кондоминиум объектісін басқару субъектісі көпқабатты үйлердегі ортақ пайдаланылатын орындардың электр қондырғыларының техникалық жай-күйі мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайды.
Оларға кіріспе-тарату құрылғысының, кіреберістерді, аулаларды, нөмірлік шамдарды, жертөле мен шатыр үй-жайларын жарықтандыруға арналған электр сымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктеледі.
Сондай-ақ басқару органдары ортақ үй қажеттіліктеріне арналған коммерциялық есепке алу құралдарының сақталуы мен бүтіндігіне жауап береді.
Ортақ үй қажеттіліктеріне жұмсалған электр энергиясының көлемі электр желісінің баланстық тиесілігін ажырату шекарасында орнатылған есепке алу құралдары бойынша анықталады.
Егер ортақ үй қажеттіліктеріне арналған есепке алу құралынан бөлек қосылған тұтынушылар болса, олардың (тұрмыстық және тұрмыстық емес тұтынушылардың) жалпы тұтыну көлемі шегеріледі.
АКЕЖ мақсаттары үшін тұтынылатын электр энергиясының көлемі дербес белгіленетін смарт-карталарға негізделген коммерциялық есепке алу құралдары орнатылған жағдайда, ортақ үй қажеттіліктеріне жұмсалған электр энергиясы үшін төлем құжаты берілмей-ақ ақы төленеді.
Мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасы, үй кеңесі немесе кондоминиум объектісін басқару субъектісі тұтынушының немесе тұтынушылар тобының талабы бойынша ортақ үй қажеттіліктеріне арналған электр қондырғыларының электрмен жабдықтау схемасын ұсынуға міндетті. Онда осы қондырғылардың қуаты көрсетіліп, есептік кезеңде немесе бірнеше кезеңде пайдаланылған электр энергиясы үшін төлемнің толық есебі берілуге тиіс.
Бұдан бөлек, Электр желілері қағидаларына да түзетулер енгізілді.
Құжат жаңа нормамен толықтырылды:
Электр станциясының қуатын беру схемасының қолданылу мерзімі жүйелік оператор келіскен күннен бастап үш жылды құрайды.
Желі пайдаланушысын желіге қосу жоспарланған электр энергиясын беру немесе өндіру ұйымы техникалық шарттар береді. Онда мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:
- техникалық шарт берілген жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты немесе заңды тұлғаның атауы;
- электр қуаты берілетін объектінің атауы;
- объектінің орналасқан жері (қала, кент, көше);
- электр станциясының келісілген қуат көлемі;
- электр энергиясын өндіру сипаты (тұрақты, уақытша, маусымдық);
- электрмен жабдықтау сенімділігінің санаты;
- электр станциясының рұқсат етілген қуат коэффициенті;
- қосылу нүктелері (қосалқы станция, электр станциясы немесе электр беру желісі) және қосылу схемасы (кіру-шығу схемасы, электр беру желісінен тармақталу, қосалқы станцияның немесе электр станциясының тарату құрылғысы шиналарына қосылу);
- қосылатын электр беру желілері мен қосалқы станциялардың жабдықтарына қойылатын негізгі техникалық талаптар;
- жаңа электр станциясының пайда болуына байланысты қолданыстағы электр желісін күшейту жөніндегі негізделген талаптар: сымдардың қимасын ұлғайту, трансформаторларды ауыстыру немесе олардың қуатын арттыру, қосымша тарату құрылғыларының ұяшықтарын салу;
- техникалық шарттарды беру себебі;
- техникалық шарттардың қолданылу мерзімі;
- АКЕЖ қолдану арқылы электр энергиясын коммерциялық есепке алуды ұйымдастыру талаптары;
- электр станциясын релелік қорғаныс және автоматика, диспетчерлік басқару құрылғыларымен, яғни телеметрия, қашықтан басқару және байланыс арнасын ұйымдастыру құралдарымен жабдықтау талаптары;
- реактивті қуатты өтеу жөніндегі талаптар.
Техникалық шарттар мына мерзімдерде беріледі:
- техникалық жағынан күрделі емес объектілер үшін – бес жұмыс күні ішінде;
- техникалық жағынан күрделі объектілер үшін – он жұмыс күні ішінде.
Электр станцияларын, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін электр желілеріне қосуға арналған техникалық шарттардың қолданылу мерзімі жобалау және құрылыс жұмыстарының нормативтік мерзімдеріне сәйкес белгіленеді.
Құрылысы басталған объектілер бойынша техникалық шарттардың қолданылу мерзімі меншік иесінің өтініші негізінде, олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін және құрылыс жұмыстарының басталғанын растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда құрылыс кезеңіне ұзартылады.
Бұл ретте электр энергиясын бірыңғай сатып алушының қатысуынсыз екіжақты сатып алу-сату шарттары аясында электр энергиясын өткізуді жоспарлап отырған жаңартылатын энергия көздері объектілерін қосуға арналған техникалық шарттар жобалау және құрылыс мерзімдеріне мынадай талаптармен беріледі:
- техникалық шарттар жобалау үшін 1 жылға беріледі;
- техникалық шарттар берілген күннен бастап 1 жыл ішінде меншік иесі жобалау жұмыстарын аяқтауға міндетті. Егер жаңартылатын энергия көздері объектісін жобалау мерзімі 1 жылдан асса, жобалау жұмыстарының басталғанын растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда техникалық шарттардың қолданылу мерзімі тиісті кезеңге ұзартылады. Жобалауға арналған техникалық шарттардың қолданылу мерзімі бір реттен артық ұзартылмайды;
- осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген талаптар орындалған жағдайда техникалық шарттар құрылыс жүргізу үшін 2 жылға ұзартылады.
Құрылысы басталған жаңартылатын энергия көздері объектілеріне арналған техникалық шарттардың қолданылу мерзімі құрылыс жұмыстарының ұзақтығы артқан жағдайда меншік иесінің өтініші негізінде құрылыс кезеңіне ұзартылады. Өтініш техникалық шарттардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін берілуге және құрылыс жұмыстарының басталғанын растайтын құжаттар қоса ұсынылуға тиіс.
Көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда техникалық шарттардың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін олар жарамсыз деп танылады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі авариялық бұзушылықтардың алдын алу және оларды жою қағидаларына да өзгерістер енгізілді.
Құжатқа сәйкес, біртұтас электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы ұлттық диспетчерлік орталығының (өңірлік диспетчерлік орталықтың, өңірлік электр желілік ұйымның) диспетчері өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша берген барлық өкімді бағынысты жедел-диспетчерлік персонал орындауға міндетті.
Өкім орындалғаннан кейін бұл туралы ақпарат ұлттық диспетчерлік орталықтың (өңірлік диспетчерлік орталықтың, өңірлік электр желілік ұйымның) диспетчеріне 10 минуттан кешіктірілмей хабарлануға тиіс. Сонымен қатар тиісті мәлімет жедел журналға тіркеледі. Егер көрсетілген мерзімде өкімнің орындалғаны туралы ақпарат берілмесе, өкім орындалмаған болып есептеледі.
Адам өміріне қауіп төнген, жабдықтардың сақталуына нұқсан келуі немесе электр станциялары мен қосалқы станциялардың өз қажеттіліктеріне арналған электр энергиясынан айырылу қаупі туындаған жағдайда кезекші персонал диспетчердің өкімін өз шешімімен орындай алмайды деп танып, оны берген ұлттық диспетчерлік орталықтың диспетчеріне және кәсіпорынның бас инженеріне қабылданған шешім туралы хабарлайды.
Электр станцияларының генераторлық агрегаттарын қосу немесе ажырату, сондай-ақ генераторлардың белсенді жүктемесін өзгерту қажет болатын авариялық жағдайлар туындаған кезде бұзушылықтарды жоюды басқаратын диспетчер ұлттық немесе өңірлік электр желісінің тиісті учаскесінде "авария" режимін енгізеді.
Сонымен қатар бірқатар өзге де нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.
Бұйрық 8 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.