Бұйрыққа сәйкес, басым спорт түрлерінің тізбесі жазғы және қысқы Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының, Азия ойындарының (жазғы және қысқы Азия ойындары, жабық ғимараттардағы және жекпе-жек өнері бойынша Азия ойындары, жағажайдағы Азия ойындары), сондай-ақ жазғы және қысқы Пара Азия ойындарының қорытындысы бойынша қайта қаралады. Тізбені жылына екі реттен артық қайта қарауға болмайды.
Басым спорт түрлерінің өңірлік тізбесін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган әзірлеп, бекітеді. Тізбе астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ұсынысы негізінде жасалады. Оған республикалық тізбеге енген спорт түрлері ғана енгізіледі.
Жергілікті бюджеттен мына мақсаттарға қаражат қарастырылады:
- спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау үшін оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға;
- астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың командаларын басым спорт түрлері бойынша республикалық және халықаралық жарыстарға дайындауға және олардың осы жарыстарға қатысуына;
- аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың спорт түрлері бойынша құрама командаларын дайындауға және олардың облыстық жарыстарға қатысуына;
- ұлттық немесе жергілікті аккредиттелген спорт федерацияларымен бірлесіп, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың спорт жарыстарын өткізуге;
- жергілікті аккредиттелген спорт федерацияларымен бірлесіп, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың спорт түрлері бойынша жарыстарын өткізуге;
- дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган ұлттық аккредиттелген спорт федерацияларымен бірлесіп өткізетін республикалық және халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға қатысуға;
- жергілікті атқарушы органдардың меншігіндегі мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының жұмысын қамтамасыз етуге;
- спорт нысандарын салуға және реконструкциялауға;
- спорт түрлері бойынша Қазақстанның ұлттық құрамаларына кіретін спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ай сайын ақшалай төлем жасауға.
Қаражат қағидалардың 16-тармағында көзделген шығыс баптары бойынша, сондай-ақ ұлттық құрама спортшылары мен олардың жаттықтырушыларына ай сайын ақшалай төлем жасауға бағытталады.
Бұйрық 2026 жылғы 4 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.