Ақтөбеде тартылған еттен ішек таяқшасы анықталды

Барлығы 2 мыңнан астам тауардан сынама алынып, 141-інен талаптардың бұзылуы анықталды.

Ақтөбеде бұқтырылған балық етінен, қара және қызыл уылдырықтан, тартылған сиыр, тауық етінен сальмонелла және ішек таяқшалары табылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті азық-түлік, басқа тауарлардың Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестігін тексерді. Барлығы 2 мыңнан астам тауардан сынама алынып, 141-інен талаптардың бұзылуы анықталды. Паприка және сарымсақ қосылған бұқтырылған балық етінен, «Дары моря» тауар белгісіндегі қара және қызыл уылдырық, сиыр етінен, тартылған еттен ішек таяқшасы анықталды. Тіпті көпшілік жиі пайдаланатын «Геба» сауда белгісіндегі тауық еті де адам денсаулығына кері әсерін тигізеді.

«Тексеру кезінде сүт өнімдерінің 7 сынамасында майлылық үлесі сақталмағаны анықталды. Жеміс-жидектерде нитрат мөлшері артып кеткен деректер тіркелді. Мемлекеттік тілде нұсқаулығы жоқ тауарлар анықталып, барлығы 39 ұйғарым берілді. Екі ұйғарымға байланысты 300 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды», — деп хабарлады Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті.

Фото: aktobenews.kz

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: