Жаңа жылға санаулы күндер ғана қалды. Бұл уақыт орманшылар үшін бір мазасыз кезең. Себебі, желтоқсан айында бірер күндік мереке, бір сәттік қызық үшін орманды отап, шыршаларды кесіп алып кететіндердің қатары көбейе түседі, - деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Табиғатқа зиян келтіріп, шырша ұрлағандарға салынатын айып мөлшері өте қомақты. Қылқан жапырақты тұқымдардың жас шыбықтарын заңсыз кескені үшін тұрғындар Қылмыстық Кодекстің 340-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылып, заң бұзушыға 1 млн. теңгеге дейін айыппұл салынады. Биылғы 20 қарашада АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мемлекеттік орман қорының аумағында қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының жас шыбықтарын заңсыз кесудің алдын алу және болдырмауға бағытталған іс-шараларды белсенді жүргізу туралы № 17-1/299 бұйрығы да шыққан.
- Қылқан жапырақты ағаштар аса құнды өсімдіктер. Мұндай ормандар жел мен су эрозиясынан сақтайды, ылғалды ұстап, жинайды, бұл ағаштардың тұқымдары мен жасыл шыбықтарында көптеген дәрілік заттар бар. Бірақ осындай аса бағалы ағаштар өте баяу өседі. Жаңажылдық шыршаларды дайындау қазіргі уақытта тек қана ағаштарды күтіп-баптау мақсатындағы кесу алқабы есебінен, сондай-ақ арнаулы жаңажылдық плантацияларда жүргізіледі. Осындай орындарда өсіріліп жатқан және кесу мақсатындағы шыршалардан өзге ағаштарды қиюға болмайды,-дейді «Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы» РММ бөлімінің басшысы Алексей Морозов.
Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде, балабақшаларында және басқа мекемелерінде мәдени-жаппай іс-шараларды жүргізу үшін шыршаны сатуға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсат қағазы керек. Ұйымдар мен мекемелерге жаңажылдық шыршалар тек өтінімдер бар болған кезде ғана босатылады.
Қылқан жапырақты тұқымдардың жас шыбықтарын заңсыз кесуден қорғау мақсатында қараша айының соңында орман алқаптарына апаратын негізгі жолдарда бақылау-өткізу пунктері (бекеттер) ұйымдастырылып, арнайы топтар құрылған.
- Жаңажылдық шыршаларды заңсыз кесу фактісі анықталған жағдайда, инспекция 112 (құқық қорғау органдары) немесе (7232) 24-84-70, 24-34-77, телефондары бойынша хабарласуды сұрайды, - дейді инспекцияның бас маманы Дина Алматова.