Кәсіпқой бокстан екі түрлі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Бейбіт Шүменов 2010 жылы жалғыз көзімен әлем чемпионы болғанын айтты, деп xабарлайды Baq.kz.
“Медицина адамды толықтай зерттеп біткен жоқ. Сіздерге бір мысал келтірейін, 2008 жылы жекпе-жек кезінде сол көзімді жарақаттап алдым. Осыдан кейін екі жыл бір көзбен рингке шықтым. Сол көзім мүлдем көрген жоқ. 2010 жылы Лас-Вегаста жалғыз көзбен әлем чемпионы болдым. Осы жекпе-жектен соң маған операция жасады. Жарақаттың ауыр екенін айтып, боксты жалғастырмауға кеңес берді. Егер мен карьерамды жалғастырсам ол ұзаққа бармас еді. Сосын сол көзіммен көре бастадым. Құдайға шүкір, қазір мазаламайды. Сол адам менің оң көзіме де операция жасады. Қазір медициналық тексерістен өттік. Бәрі жақсы”, - деді ол ОКҚ-да ұйымдастырылған баспасөз мәслиxатында.
Еске сала кетсек, ол бүгін кәсіпқой боксқа қайта оралатынын ресми түрде мәлімдеп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Назерке Абибулла